419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Black friday: америкалықтар карантинде қалай сауда жасайды?

  • 93
  • UPD: 16:00, 27.11.2020

АҚШ-та коронавирус індетін жұқтырғандардың саны 13 миллионнан асып отыр.

Әсіресе соңғы бірнеше күнде бұл көрсеткіштің артуына елдегі Алғыс айту мерекесіне жиналған халықтың немқұрайлығы әсер етіп отыр дейді мамандар. Black friday жаппай сатылымы да жығылғанға жұдырық болатын түрі бар.

Америка Құрама Штаттарында Black friday жаппай сатылымы басталмақ. Шарада әдетте тұрмыстық заттар мен электроникаға, киім-кешек пен жиһаз тауарларына 20 дан 60 процентке дейінгі жеңілдіктер қарастырылады. Акцияның халық арасындағы танымалдылығы 80 жылдардан кейін арта түскен. Әдетте бір тәулік бойы жалғасатын шарада жеңілдіктерді іздеп келетін миллиондаған тұтынушы тауарға таласудан да тайынбайды.

Алайда биылғы Black friday өзгеше өткелі тұр. Сауда орталықтарына келетін халықтың легі әдеттегіден аз болары сөзсіз. Өйткені біраз ірі компаниялар пандемия салдарынан ауқымды сатылым акцияларын ерте бастап қызметтерін онлайн көрсетуге көшкен. Оның үстіне биыл сақтық шараларына ерекше көңіл аударылып отыр.

Кейт Скарпа, компания өкілі:

– Осы жылы онлайн арқылы тапсырыс берген адамдардың саны өте жоғары болып отыр. Алдағы мереке күндері ол көрсеткіштің тіпті арта түсетіні күтілуде. Бір анығы пандемия уақытында жаппай сатылым барысы мүлдем басқаша өткелі тұр. Біз барлық сатып алушылардың тауарларын дер кезінде жеткізу үшін қосымша 2 мың жұмыскер жалдадық.

Ірі сауда дүкендері онлайн қызметті қол жетімді еткенімен, сатып алушылардың 40 пайызға жуығы қажетті дүниелерін дүкенге барып, көзбен көріп, қолмен ұстап алуды жөн көреді екен. Олай болса, бұл күні ковид індетін жұқтыру көрсеткіші күрт өседі деген болжам жасап отыр дәрігерлер. Дегенмен қаржыдан қысылып жүрген халықтың біраз бөлігі бұл күні үнемділікке басымдық беруі де ғажап емес.

Сара Насэуер, журналист:

– Қазіргі кезде бізде миллиондаған адам жұмыссыз жүр. Сол себепті табысы жоқ адамның «Black friday» күні артық ақша жұмсамайтыны белгілі. Жұмысы барлардың өзі де биыл қатты үнемдейді деп ойлаймын. Сатып алудағы белсенділіктің төмендейтінін ірі сауда орталықтарына да белгілі. Ондай компаниялар үлкен табысқа кенеледі деп ойламаймын. Дегенмен дүкендер барынша дайындалуда. Ол жерлердегі сақтық шаралары күшейтіліп, сатып алушылар үшін барынша жағдай жасалып жатыр.

2019 жылғы Black friday, яғни жаппай сатылым акциясында сауда 12 млрд АҚШ долларына жетіпті. Биылғы шарада бұл көрсеткіш кем дегенде 25-30 процентке дейін төмендейді деген болжам бар.

Авторлары: Талғат Алманов, Ринат Садыров

Хабар 24 телеарнасы