419,87 505.95 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Әлем коронавируске қарсы вакцина салуды бастады

  • 196
  • UPD: 21:52, 08.12.2020

Ұлыбританияда Pfizer компаниясы өндірген вакцинаны алғашқы болып 90 жастағы Маргарет Кинан есімді британдық әйел қабылдады. Шара Ковентри қаласындағы университеттің ауруханасында өтті. Қарт әйелдің айтуынша бұл туған күніне тарту еткен ең қымбат сыйлық. Өйткені екпе қабылдағаннан кейін ол жаңа жыл мерекесін туғандарымен бірге қарсы алуға мүмкіндік алды. 

Victory day - COVID-19-ды жеңген күн. Бүгінгі күн туралы британиялық бұқаралық ақпарат құралдары жарысып жазуда. 

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Бүгіннен бастап екпе жұмыстары ондаған аурухана орталықтарында жүргізілетін болады. 80 жастан асқан адамдар, қарттар үйі мен медицина қызметкерлері вакцинаны алғашқылардың бірі болып алады. Үкімет 40 миллион дозаға тапсырыс берді. Екпе араға 21 күн салып, екінші рет егіледі. Медициналық препаратты тасымалдау кезінде оны -70 градус, яғни өте салқын температурада ұстау керек. Вакцина АҚШ, Германия және Бельгиядағы Pfizer компаниясының орталықтарынан құрлықпен де, әуе арқылы да тасымалданады. GPS трекері бар, бірнеше рет пайдалануға болатын, арнайы тасымал қорабы жасалған. Ол құрғақ мұзбен қапталған және вакцинаның 5000 дозасын қажетті температурада 10 күн бойы сақтай алады, егер ол ашылмаған жағдайда. Ұлыбритания желтоқсан айының соңына дейін төрт миллионға дейін вакцина сатып алмақ. Бірінші партия шамамен 800 000 дозаны құрайды. Дәрі-дәрмектер мен медициналық мақсаттағы өнімдерді реттеу жөніндегі британдық Агенттіктің екпені тез арада мақұлдауы медициналық қауымдастық пен британиялықтар тарапынан сынға ұшырады. Бірақ тұрғындар арасында жаңалықты оң қабылдағандар да бар. Коронавируске қарсы вакцина қабылдау бәріне бірдей міндетті емес. Әркімнің өз еркі.

БЛИЦ:

- Мен қуаныштымын. 2021-жылды асыға күтудемін. Қуанышымда шек жоқ. Өмір қайта қалпына келеді деген үміттемін.

- Менің ойымша, бұл, әсіресе, қарт адамдар үшін жақсы. Өзім бұған әлі дайын емеспін. Шынымды айтсам, мен қорқамын.     

- Сіз және сіздің отбасы мүшелері COVID-19-ға қарсы екпені қабылдауға дайынсыздар ма?

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Кезегіміз келгенде біз де вакцинаны салдыруға әзірміз. Коронавирусқа қарсы екпе жұмыстары тек жергілікті халық арасында ғана емес, Ұлыбританияда заңды негізде уақытша тұрып жатқан басқа да мемлекеттердің азаматтары үшін де қолжетімді болады. Вакцина британиялықтар үшін тегін және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен жүзеге асырылады. Біздің отбасымыз виза алу кезінде медсақтандыру қаржысын алдына ала үш жылға төлеп қойған. Сондықтан келесі жылдың басында біз үшін де вакцина қабылдау мүмкіндігі пайда болады деп үміттенемін.      

Германияда вакцинациялау шарасы алдағы жылдың қаңтар айына жоспарланып отыр. Бұл туралы осы елдің канцлері Ангела Меркел хабарлады. Қазір аймақта дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Өңірдегі тестілеу орталықтары жаппай екпе егуге дайын тұр.

Оливер Франц, вакцина орталығының басшысы:

- Бір орталықта бірнеше вакцина сақтау қиынға соғады. Мәселен тұрғындар екі мәрке екпе қабылдауы тиіс. Сондықтан бір орталықта бір ғана препараттың болғаны дұрыс деп ойлаймын.

АҚШ-та жоспар бойынша екпе егу шарасы осы апта басталуы керек. Алайда кей сарапшылар жаппай иммунизация уақытылы басталмайды деген пікірде. Pfizer компаниясы маусым айының соңына дейін құрама штаттарын жеткілікті дозамен қамтамасыз ете алмайды деген болжам бар.  Мәселен фармацефтикалық компаниямен келісімге отырған өзге мемлекеттер препараттың біраз бөлігін сатып алған екен. 

Энтони Фаучи, АҚШ-тың бас инфекционист дәрігері:

- Жаппай вакцинациялау жұмысы оңайға соқпайды. Көптеген қиындықтарға тап болуымыз мүмкін. Біз оған дайын болуымыз керек. Әзірге қауіпсіздік шараларға немқұрайлы қарамай, маска тағып, әлеуметтік ара-қашықтықты сақтағанымыз абзал. Тәртіпке бағынып, екпе қабылдайтын болсақ, жағдай оңалады деп сенемін.

Осыдан бірнеше күн бұрын Ресейде коронавирусқа қарсы жаппай вакцинациялау науқаны басталды. Бүгінде ел астанасында «Спутник-V» вакцинасын егетін 70 орталық ашық. Болжам бойынша Мәскеудің өзінде 7 миллионға жуық адамға екпе егілу керек. Мамандар сонда ғана ұжымдық иммунитет қалыптасады - дейді. Алдымен вакцина 60 жасқа жетпеген мұғалімдер, медицина мамандары мен әлеуметтік қызметкерлерге егіледі. Ал аяғы ауыр немесе бала емізетін әйелдерге және жасы алпыстан асқандарға  екпе жасалмайды. Созылмалы және респиратОрлық ауру белгілері байқалатын адамдар вакцинациядан тыс қалмақ. 

БЛИЦ

  1. Биліктегі басшылар вакцинаны қабылдайтын болса ғана келісімімді беремін.
  2. Егер тым болмаса 30 процент оң нәтиже көрсетсе вакцина қабылдауға келісуім мүмкін. Медицина саласында жұмыс істеп жүргеніме жарты жыл болды. Алайда әлі де бір ауырған емеспін.
  3. Әлі де күдік көп, күмән басым. Ресейлік препаратқа сенім артып отырған жоқпын. Коронавируспен екі мәрте ауырып шықтым. Онсыз да ауруға иммунитетім бар деп ойлаймын.
Хабар 24 телеарнасы