429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ұлыбританияда биыл Рождество тойланбайды

  • 203
  • UPD: 14:52, 20.12.2020

Ұлыбритания үкіметі COVID-19-дың жаңа түрінің өршуіне байланысты карантин тәртібін күшейту туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгіннен бастап Лондонда және Англияның оңтүстік-батысында сауда және қызмет ету орындары түгел жабылып, 18 миллион халыққа туыстарымен араласуға тыйым салынады.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Премьер-министр Борис Джонсон жаңа шектеулер туралы мәлімде жасағаны сол-ақ еді сауда орталықтарында кісі қарасы көбейіп кетті. Барлығы рождестволық сыйлықтар мен керек-жарақтар алуға асығып жатыр. Өйткені жаңа ережелерге сәйкес халыққа екі апта бойы еркін жүріп-тұруға рұқсат жоқ. Коронавирустық шектеулердің төртінші деңгейіне сәйкес дәріхана және азық-түлік дүкендерінен басқа сауда орындары, жабық жаттығу залдары жұмыс істемейді. Халыққа ғимарат ішінде кездесуге, шетелге шығуға рұқсат етілмейді. Отбасылық мереке саналатын Рождество тойланбайды.

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:

- Вирустың жаңа түрі тудыруы мүмкін қауіпке байланысты бұған дейін жоспарлағанымыздай Рождествоны еркін тойлай алмайтындығымызды хабарлағым келеді. Жаңа шектеулер жарияланған аймақтардың тұрғындары мереке күндері өз отбасы мүшелерінен басқаларымен араласпауы керек.

Айта кету керек, Ұлыбританияда вирустың жаңа штаммының адамдар арасында 70%-ке тез тарайтындығы белгілі болып отыр. Бірақ қауіптілігі жағынан бұрынғы түрінен еш ерекшеленбейді. Оппозиция болса, жаңа шектеулерді қолдайтындығын айтты, бірақ қате әрекеттер көп жасайтын үкіметті сынады.

Кир Стармен, Лейбористік партия көшбасшысы:

- Мен бұл мәселені премьер-министрдің алдында сәрсенбі күні көтергенмін. Бірақ ол халық сәл де болса Рождествоны тойласын деп ұсынысымды қабылдамады. Үш күннен кейін ол райынан қайтып отыр. Меніңше, Британия жұртшылығы пікірі құбыла беретін емес, сенімді әрі батыл әрекеттер жасайтын үкіметке лайық.

Қазіргі таңда Ұлыбритания коронавирустан қайтыс болғандар саны бойынша Еуропада Италиядан кейін екінші орында тұр. Вирус жұқтырғандар күрт көбейіп, медицина қызметкерлерінің күші жетпей жатыр. Өткен аптаның өзінде ауруханалардағы науқастардың саны 18,5 мың болған. Бұл пандемияның алғашқы толқынындағы цифрлардан сәл ғана төмен.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы