421,91 511.30 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Биыл Үндістан табиғи апаттардан ауыр зардап шекті

  • 83
  • UPD: 14:35, 31.12.2020

Биыл әлем бойынша табиғи апаттардан ең ауыр зардап шеккен ел Үндістан. 2020 жылы болған жойқын 15 табиғи апаттың екеуі осы елде болған. Жарты жылға созылған су тасқыны елдің көптеген штаттарын басты. Мұнан зақым келген елді мекендерді қалпына келтіруге 9 миллиард доллар жұмсалды.

Ұлыбританияның белгілі қайырымдылық ұйымы 2020 жылы әлемде болған табиғи апаттар тізімін жасады. Онда опат болған адамдар саны мен мемлекетке келген шығын есептелген. Үндістан бұл рейтингте топ жарды. Бұл елде маусым айының басында толастамай жауған нөсер жауындардың соңы екі жойқын су тасқынына ұласқан еді. Арнасынан асқан Брахмапутра өзені ондаған мың елді мекенді шайып кетті. Ел тек қазан айында бұл апаттардан қалпына келе бастады. Сол кезде опат болғандардың нақты саны да белгілі болды.

Лата Джоши, құтқару қызметінің психологы:

- Су тасқынының ең ауыр зардабын Ассам штаты тартқан. Ондағы барлық өңірді су басып кетті, халықтың бас сауғалайтын орны қалған жоқ. Үкімет 60 мың уақытша лагерь құрды, олар бірден баспанасыз қалған адамға толып кетті. Тап сол кезде елде өршіген коронавирус індеті де кедергі келтірді.

Жалпы Үндістандағы су тасқынынан қаза болған адамдар саны әлемде болған өзге табиғи апаттардың бәрін қосқандағы құрбандар санынан асып кетті. Салыстырып көрсек, Еуропаға соққан Сиара жойқын дауылынан 14 адам мерт болса, Үндістанда 2 мыңнан аса адам қаза тапты. Сарапшылардың болжауынша, қираған елді мекендерді қалпына келтіру жұмыстары келесі жылдың ортасына дейін жалғасады. Кейбір есепке қарағанда су тасқынының салдарын жоюға 10 миллиард доллардан аса қаражат жұмсалды. Бұл тек сақтандырылған шығын іс жүзінде қираған мүліктің құны бірнеше есе көп.

Кавита Сингх, саяси талдаушы:

- Бұл рейтингте далада қалған адамдардың санын да келтіру керек еді. Біз әлі күнге дейін нақты санын білмейміз, өткені сол кезде зәресі ұшқан тұрғандар таулы аймаққа немесе алшақтағы туыстарына қашып, сонда қалған. Жалпы баяндамада 13 жарым миллиондай адам баспанасыз қалғаны жазылған. Оның 12 миллионы Үндістан тұрғыны.

Осы баяндамаға сәйкес табиғи апаттардан 150 миллиард доллар мөлшерінде шығын келген. Биыл обыр шегірткесі де қаптап кетіп, Үндістан бүкіл егінінен айырыла жаздады. 

Алексей Родионов, Анастасия Левитан, Устад Рахман

Хабар 24 телеарнасы