386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-ның Зырян ауданындағы жер үйлер орталықтандырылған жылу жүйелеріне қосылады

  • 764
  • UPD: 10:03, 13.09.2017

Шығыс өңірде де жылу маусымына әзірлік қызған. Қазіргі уақытта жылумен жабдықтау желілерінің 82 пайызы, ал су құбыры мен кәріз желілерінің 81 пайызы дайын. Ал Зырян ауданында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жер үйлерді орталықтандырылған жылу жүйелеріне қосу жұмыстары жүріп жатыр. 

Зыряндық зейнеткер Дмитрий Зайцев қысқы азығын қамдап, жаз бойы бақша салған. Жылда күз түссе қысқы көмірді уайымдайтын қарияның биыл көңілі жәй. Себебі аудандағы жер үйлер толығымен орталықтандырылған жылу жүйелеріне қосылатын болды. 

Дмитрий Зайцев, Зырян ауданының тұрғыны:

− Күніне екі рет от жағатынбыз. Кірпіш үй тез суып кетеді ғой. Енді жылу беріледі деп жатыр, ыстық су болады. Бұдан артық не керек? Денсаулық болса болды. Осындай жағдай жасап отырған азаматтарға батамды беремін. Үлкен рахмет.

Мұндай мүмкіндікке «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қол жетіп отыр.  Зырян қаласындағы 10-шы шағын ауданда орнатылып жатқан жаңа қондырғы үшін 660 млн теңге бөлінген. Мамандар қараша айының соңында тұрғындарға жылу беріле бастайтынын айтады.

Дәулет Мейрамғалиев, учаске басшысы:

− Келісім бойынша жұмысты 2018-жылдың маусым айында аяқтауымыз керек болатын. Біз уақытынан бұрын аяқтауды көздеп отырмыз. Жалпы аумағы 25,5 шақырым құбырды орнатып жатырмыз.

Қазір учаскеде 40 адам жұмыс істеп жатыр. Жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Жатар орны мен ас-суы дайын. Барлығы да жерлестерінің қаһарлы қысты жылы үйде қарсы алуы үшін тер төгуде.

Ұлықпан Бапишев, жұмысшы:

− Ауа райына қарамай, қысқа дейін бітірейік деген ойымыз бар. Жексенбіде кей уақытта істейміз. Жалақымыз уақытында. Бәрі жақсы.

Жалпы ауданда үш үлкен қазандық бар. Олардың барлығы да жөндеуден өткен.

Нұржан Тоқсейітов, Зырян ауданының әкімі:

− Зырян ауданы бойынша үш үлкен қазандығымыз бар. Негізі жылу беретін 60 қондырғының ішіндегі үшеуі − автономды. Зырян және Жаңа Бұқтырма, Серебрянск қалаларында орналасқан. Қалғаны − кішігірім қазандықтар. Әрбір әлеуметтік және білім беру, денсаулық сақтау мекемелерінде осындай қазандықтар орнатылған.

Облыс бойынша жылу беру қазандықтарына 2 млн тонна көмір қажет екен. Мамандар тиісті қорды қамдау жұмыстарын жүргізіп жатыр. 

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Аслан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы