389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Рухани жаңғыру»: Алматы облысында 4 жарым мыңнан астам шара ұйымдастырылды

  • 1379
  • UPD: 23:40, 28.12.2017

Алматы облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөнінде 4,5 мыңнан астам әртүрлі шара ұйымдастырылды.

Оның 325-і көпшіліктің жадында қалған ауқымды істер. Атап айтқанда, пресс-турлар, баспасөз мәслихаттары, журналистер мен блогерлерге арналған шеберлік сыныптары және киелі орындар мен туристік бағыттар туралы түсірілген бейнероликтер. Облыстың ішкі саясат басқармасы үстіміздегі жылды осындай нәтижелермен аяқтағалы отыр.

Әлемге аты мәлім BBC компаниясының көмегімен осындай ролик жасау идеясы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарыққа шыққан бойда-ақ ойға келіпті. Нәтижесінде ол Жетісу өлкесінің визиттік куәлігіне айналып шыға келді. Өйткені оны жер шарының 500 миллион тұрғыны тамашалаған. Бұл арнайы жүргізілген мониторингтің қорытындысы.

Рустам Алпысбаев, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы:

- Біз өзіміздің ең басты, ең құнды, ең әдемі жерлерімізді көрсетіп, туристік және инвестициялық потенциалымызды ашатын және жастарымыздың санасын жаңғыртатын жобаны бастадық.

Жер жәннаты Жетісуды жер-жаһанға көрсету шын мәнінде мақтанышпен айтатын жобаға айналды. Себебі аймақ жайлы сұрайтындардың қатары артқан. Ал «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған 4,5 мың шара санаулы уақыттың ішінде 800 мың адамды қамтыған. Өңір тарихы жөнінде қаншама танымдық кітап шықты. Олар мыңдаған оқырманға жол тартты.

Аймақты тереңірек тану мақсатында бірнеше ғылыми экспедиция ұйымдастырылды. Жетісудың киелі орындары бойынша 15 бағыттық сапар жасалды. Сонымен қатар өңірдегі киелі мекендердің скретч-картасы және оның үш тілдегі мобильдік қосымшасы өмірге келді. Табиғат аясында өткен пресс-турлардың әсері әсте ұмытылмайды. Масс-медианың танымал өкілдері мен белгілі блогерлер өткізген шеберлік сағаттары жас журналистер үшін тамаша мектеп болғаны ақиқат.

Осы ретте ауқымды тележобалар мен аймақтың танымалдылығын арттыратын бейнероликтер туралы да айта кеткен орынды. Олардың барлығы киелі орындар мен туристік бағыттарға арналған.

Әділбек Әбілов, «Dancing Zhetysu» ролигінің авторы:

- Бұл бейнероликті интернеттен, яғни ғаламтордан, теледидардан миллионнан астам адам көріп шықты. Бұл біздің еңбегіміздің жемісі деп ойлаймыз және болашақта да бұл жобаны ары қарай жалғастыруға тырысамыз.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы шаралардың барлығы бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет порталдарда жарияланды. Нәтижесінде «Самғау» атты байқау ұйымдастырылып, еңбектері үздік деп танылған журналистер ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Алдағы жылы атқарылатын жұмыстар мұнан да ауқымды. Олардың арасынан Рухани жаңғыруға байланысты «BBC», «Альжазира», «Euronews», «Мир» телекомпанияларымен бірге жасалатын жаңа жобаларды, басқа да медиақұрылымдармен ынтымақтаса жүргізілетін әртүрлі шараны айтуға болады.

«Ұлы Жібек жолы» экспедициясы арқылы да біршама жұмыстар атқарылады деп жоспарлануда. Атап айтқанда, археологиялық зерттеу жұмыстары жалғасады. Алакөл  және Қарасай ауданында дене шынықтыру- сауықтыру кешендері ашылады. Сонымен қатар флешмобтар, саяхаттар ұйымдастырылады, «Латын жазуы» вебинар-орталығы ашылады.

Авторлары: Тілеуқабыл Мыңжасар, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы