421,91 511.30 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Универсиада-2017: алғашқы күннің нәтижелері Featured

  • 4190

Бүгін бүкіл әлем көз тіккен 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың алғашқы күні аяқталды.

Дүбірлі доданың алғашқы нәтижелері де белгілі болды.

28-ші қысқы Универсиаданың ресми алғашқы жарыс күні аяқталды. Қазақстан спортшылары бірнеше медаль алды. Соның қомақтысы фристайл шаңғы акробатикасында қолға түсті. Бір емес, бірден екі жүлде. Жібек Арапбаева екінші орынға табан тіресе, Жанбота Алдабергенова қола медаль иегері. Бас жүлде Қытай спортшысы Чжу Ин Инге бұйырды. Чжу ә дегеннен топ бастаған. Жібек пен Жанбота да жанын салды. Бірақ қытай студентінің алдын орай алмады. Дегенмен екі бірдей жүлде біздің еншімізде. Ол да табыс.

Шаңғышы қыз-жігіттер де жарыс жолына шықты. Бұйырғаны бір медаль. Алған Анна Шевченко. Бес шақырымдық жекелей сында классикалық әдіспен жүгірген Шевченко қола жүлдегер атанды.

Бас жүлде ресейлік Лилия Васильеваға бұйырды. Жеке жүгіруге бейімделген екен. Желмен жарысса да, елмен жарысса да жүйрік шығатын Лилия ең үздік нәтижені тіркеді. Васильеваның командалас досы Анна Нечаевская күміс жүлдегер. Қазақстандық Анна, Анна Шевченко үздік үштікке ілінді.

Енді тау шаңғысында тіркелген нәтижелерге келейік. Қыздар супергигантта бақ сынады. Қазақстандық спортшылар Екатерина Карпова мен Мария Григорова тиісінше 28-ші және 29-орындарды иеленді. 

Ресей спортшысы Елена Яковишина бірден топ бастап, фин қызы Лукко Неа екінші нәтиже көрсетті. Жапон спортшысы Андо Аса үшінші тұрды. Қорытынды кестеде де үздік үштік өз орындарын сақтап қалды. Елена Яковишина Алматы Универсиадасының чемпионы атанды.

Енді сноубордшылар жарысынан ақпар берейік. Шымбұлақтағы кешенде қыз-жігіттер жұп құрап сынға түсіп, мықтыларды анықтады. Ерлер арасында ресейлік Богдан Богданов алтын медаль иеленді. Богданның жерлесі Владислав Шкурихин екінші орында. Қазақ елінің сноубордшылары да алғашқы іріктеу кезеңінде жақсы нәтиже көрсеткен. Мысалы, Роллан Сыдықов алтылықтан орын алды. Бірақ кейін поляк Оскар Бомнан ұтылып қалды. Асылбек Бейсеновтің де аяқ алысы жақсы еді. Өкінішке қарай, орта жолда сүрініп, жарысты аяқтады.

Роллан Садықов, Қазақстан құрамасының мүшесі:

- Қар қатқыл екен. Солай болғаны жақсы. Мұнда бәрі жеңіске жету үшін келеді. Ә дегенде алтыншы тұрдым. Жүлдеден үмітті едік.

Алғашқы жарыс күнінде Қазақстан құрамасы үш медаль алды. Бір күміс, екі қола.

Авторы: Амангелді Сейітханов

Хабар 24 телеарнасы