383,69 432.40 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жәния Әубәкірова Брюссельде жеке концертін берді

  • 658
  • UPD: 10:06, 12.05.2017

Әлемге әйгілі пианист, Қазақстанның халық артисі Жәния Әубәкірова Брюссельдің атақты «BOZAR» мәдениет орталығында жеке концертін берді. Бұл кешті ол шығармашылығының 30 жылдығына арнап өткізді.

Бельгия халқының алдында Жәния танымал еуропалық классиктердің туындыларын орындады. Әдетте ол сахнадан бұрын сұхбат бермейтін. Соған қарамастан, әйгілі музыкант өзінің гастрольдік сапары туралы сыр шертті.

Жәния Әубәкірова, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның ректоры,   ҚР Халық артисі:

- Мен өзімнің бағдарламаммен келдім. Бах пен Шопеннің шығармаларын ойнап беремін. Үлкен турнемен жүрмін. Бұған дейін еліміздің бес үлкен қаласында жеке концертімді бердім. Қарағанды, Өскемен, Ақтөбе, Шымкент және Талдықорғандағы көрермендерім жылы қарсы алды. Бірнеше күн бұрын Женевада болдым. Көп концерт қоямын, сонда мен өзімді бақыттымын деп санаймын.

Жәния Яхияқызының өнеріне тамсанбаған адам аз. Иоганн Себастьян Бахтың әйгілі «Италиялық концерті» мен Фредерик Шопеннің «Төрт балладасын» бельгиялықтар сүйсіне тыңдады.

Норбер Жустен, Еуроодақтың Қазақстандағы бұрынғы өкілі:

- Мен Жәния Әубәкірованың шығармашылығымен Қазақстанда жұмыс барысында таныстым. Ол классикалық музыканы өте жоғары деңгейде орындайды және оның ойнау қабілеті адам эмоциясына кәдімгідей әсер етеді. Елімізге қазақстандық музыканттар келгенде біз қуанамыз, құрмет тұтамыз. Жәния ханымды Қазақстандағы ең үздік музыканттардың бірі деп санаймын. Отандастарыма оның орындауы өте қатты ұнады.

Гүлістан Хамзаева, Қазақстанның Бельгиядағы төтенше және өкілетті елшісінің жұбайы:

- Маған оның күрделі классикалық шығармаларды бір тыныспен орындай білуі ұнайды. Музыка оның өмірі, оған шабыт сыйлайды. Бір сөзбен айтқанда, ғажап. Брюссельге қазақстандық орындаушылар көп келе бермейді. Ал Жәния Әубәкіровадай жұлдызымызды көргенде керемет әсерде боласың. Мен оны мерейтойымен құттықтап, шығармашылық табыс тілеймін.

Қазақ қызының классикалық музыкасын тыңдау үшін Бельгия жұртынан бөлек, көршілес Германиядан да ат терлетіп келгендер болды.

Петер Апель, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның құрметті профессоры, Германия музыканты:

- Мен Жәния Әубәкіровамен 15 жыл бұрын таныстым. Содан бері екеуміз талай концертті өткіздік. Ол – әлемдегі фортепиано орындаушылардың арасындағы үздіктердің бірі. Біз жұбайымызбен осы кештен қалып қоймас үшін Германиядан арнайы келдік. Жәния – үлкен жүректі, өте талантты музыкант! Мен оған және оның отбасына тек сәттілік тілеймін.

Энрике Кижано, Бельгия көрермені:                                                                                

 

- Мен Жәнияның жоғары орындаушылық шеберлігіне таңғалдым. Еуропалық көрермендер үшін мұндай өнерді көру – үлкен бақытпен тең. Мен бүгін оның концертіне бірінші рет катысып, еріксіз жанкүйеріне айналып шыға келдім.

Риза көңілін білдірген бельгиялықтар еліміздің әлемге танымал музыкантына гүл сыйлап, шапалақтарын да аяған жоқ. Енді отандасымыздың мерейтойлы гастрольдік сапары Люксембург пен Гонконгта және Афины мен Будапеште жалғасып, Делиде аяқталады.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы