389,86 435,60 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Израиьлде Қостанай орыс драма театрының гастрольдік сапары өтіп жатыр

  • 624
  • UPD: 15:42, 20.11.2017

Еліміздің әртістерін шет елдің көрермендері жылы қабылдады.

Арнайы фестиваль аясында қазақстандық театр Израиль сахнасында осымен екінші рет өнер көрсетті.   

Қазақстандық театр қойылымға қажетті реквизит пен декорацияларды өздері әкелген. Жалпы гастрольдік сапар ТМД театрларын Израиль жерінде қабылдайтын фестиваль аясында ұйымдастырылып отыр.

Догмара Геллер, «Театрлық дивертисмент» фестивалінің бас продюсері:

– Фестивальдің өтіп жүргеніне жеті жыл болды. Осы уақытта бізге көптеген театрлар келді. Ал қостанайлық театрдың өнері қатты ұнағандықтан, екінші рет шақырдық.

Қойылымда ине шаншыр жер жоқ. Көрермен қазақстандық әртістерді қуанышпен қарсы алды. Жалпы мұнда театр саласы қарқынды дамыған. Дегенмен қостанайлықтар көштен қалт қалмай, бірден ілесе кетті. Қазақстан алыс орналасқанына қарамастан, оның салт-дәстүрі мен мәдениеті үлкен қызығушылық тудырды. 

Виктория Сергеева, көрермен:

Қазақстаннан келген труппа өте шыншыл. Дайындықтары жоғары. Бұл спектакль жайлы мүлдем хабарсызбыз. Дегенмен барлығы мақтаған соң келдік. Жалпы қазақстандық қойылым мен театрлар өте жақсы өнер көрсетеді деп естігенмін.

Израильдік көрермендер назарына «Сирена және Виктория» пьесасы сахналанды. Оқиғаның желісі бір ғана пәтерде орын алады. Кәсіпкер әйел, жас дәрігер және сасқалақтаған ебедейсіз жігіт. Осылайша үш қана актерден құралған труппа бүгінгі күннің маңызды мәселесін комедиялық жанрда жеткізеді.  

Александр Лиопа, театрдың бас режиссері:

– Бір қарағанда  күлкілі қойылым деуге болады. Дегенмен мағынасы тереңде. Бүгінгі күннің маңызды мәселесі жатыр. Қазіргінің адамдары әр түрлі планетадан келген сияқты. Бір-бірін түсінісуі өте қиын ғой. Міне қойылымның мағынасы осында.

Басты рөлді – жас актер Руслан Бушинский сомдады. Өмірде жайдарлы жігіттің қойылымдағы бейнесі – сасқалақтаған, сенімсіз, өз-өзін кез келген жағдайда қалыпты ұстай алмайтын адам.

Руслан Бушинский, актер:

– Мен әдетте қайратты кісілердің рөлін ойнайтын едім. Ал бүгінгі кейіпкерім – аянышты адам. Мен үшін бұл жаңа сынақ болды. Себебі ішкі сезіміңмен күресіп, өз-өзіңе сеніп, түсіністік танытып және жақсы көре білуді үйрену керек. 

Осылайша, қостанайлық театрдың гастрольдік сапары аяқталды. Дегенмен фестиваль ұйымдастырушылары труппаны келесі жылы да өнер көрсетуге шақырмақ.

Автор: Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы