383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еуразиялық халықаралық кітап жәрмеңкесінде құны 100 мың долларлық жинақ саудаға қойылды

  • 769
  • UPD: 23:09, 26.04.2018

Астанада үшінші Еуразия халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінің жұмысы қыза түсті.

Бір қызығы, бұл шарада құны 100 мың доллар тұратын жинақ сатылымға шығарылды. Қомақты ақшаға саудаланып жатқан тарихи туынды талайдың таңданысын тудырды. Әзірге оны келушілер тек сырттай тамашалап жүр. Сонымен бұл еңбек несімен ерекше? 

Халықаралық көрме-жәрмеңкеге Ресей, Польша, Ұлыбритания, Беларусия, Әзербайжан, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Түркиядан делегаттар келген. Мақсат гуманитарлық әріптестікті дамытып, рухани байланысты бекемдеу. Игі іске мұрындық болған Қазақ елі!

Сауытбек Әбдірахманов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, журналист:

- Үшінші жыл қатарынан Еуразия халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтіп отыр. Биылғы ауқым өткен жылғыдан, алдыңғы жылғыдан әлдеқайда көп. Биыл мысалы 151 баспа қатысып жатыр. Оның тең жартысы қазақстандық баспалар.

Қорған Төреқожа, тілші: 

- 2018 Қазақстанда Өзбекстан жылы деп жариялануына байланысты, үшінші Еуразия халықаралық кітап көрмесінде өзбек ағайындар құрметті қонақ атанып отыр. Қош келдіңіздер! Рахмет! Жалпы, сөрелерге мыңға жуық өзбек тіліндегі кітап қойылған. Оның ішінде қазақтың біртуар жазушы, ақыны туралы туындыны кездестіруге болады. Ал, бермен қарай назар аударсаңыз, Елбасы жайындағы кітапты көресіз.

Носиржон Жураев, кітап баспасы компаниясы бас редакторының орынбасары /Өзбекстан/:

- Өзбек пен қазақ арасындағы рухани, әдеби байланыстың тамыры тереңде жатқаны бесенеден белгілі. Сіздерде Әлішер Науаиді қалай құрметтесе, кемеңгер Абайдың да біздің әдебиеттен алар орны айрықша. Оның шығармалары өзбек тіліне аударылған. Ташкентте қазақтың бас ақынының мүсіні орнатылды. Бұл әрине қос ел арасындағы мәдени қарым-қаынасты нығайта түсері хақ. Сондықтан көрмеге тек өзбекстандық емес, қазақ тұлғаларының да шығармасын әкеліп отырмыз.

Көрме-жәрмеңкеге шеттен жиылғандардың басым көпшілігі ресейліктер. Шарапатты шараға көрші елден 41 өкіл келген. Сөрелер түрлі кітапқа толы. Ішінде, сирек кездесетін тарихи, мәдени басылымдар мен балалар әдебиеті бар.

Қорған Төреқожа, тілші:

- Менің қолымдағы кітапта Орта Азияның тарихы жазылған. Небәрі 100 данамен шығарылыпты. Аса құнды. Сатып алам десеңіз, бағасы 100 мың АҚШ долларына тең. Бірақ, шошымаңыз. Сатушылар «бұл кітап аталған бағаға тұрарлық» дейді. Себебі туындыны жинақтаған кезде адамдар технолгияның көмегінсіз, өздері бояп, тігіп шыққан. Іші, сырты былғарымен қапталыпты. Яғни бұл таза қолдан жасалған кітап.

Георгий Гупало, баспа ісінің маманы /Ресей/:

- Біз өзіміздің туындыларымызды Қазақстанға әкеліп, таныстыруға мүдделіміз. Сәйкесінше қазақ қаламгерлерінің шығармалары ресейлік оқырманға жетуі тиіс. Мұндай шаралар осы мақсатты орындауға зор септігін тигізеді. Себебі, руханият арқылы ұлтаралық байланыс бекиді.

Рухани шара кезінде белгілі жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Шәрбану Бейсенованың «Бозоқ аруы» атты кітабының таныстырылымы өтті. Көркем шығарма ұлт тарихынан ерекше орын алып, ел жадында сақталған әулие аналар өмірінен сыр шертеді. Жалпы, қалың қаламгер мен оқырман қауымның басын  тоғыстырған көрме-жәрмеңке сенбіге дейін жалғаспақ.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Асхат Қарақойшиев

Хабар 24 телеарнасы