387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстаудың бай мәдени мұрасын зерттеу экспедициясы жолға аттанды

  • 1358
  • UPD: 19:14, 16.05.2018

Түркия, Әзербайжан, Ресей мен Қазақстанның тарихшылары, өлкетанушы мен археологтары Маңғыстаудың материалдық және материалдық емес мәдени мұраларын зерттемек.

Ақтауда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында үш кезеңнен тұратын халықаралық экспедицияның алғашқы кезеңі басталды. Төрт елдің ғалымдары 10 күн бойы 2 мың шақырым жер жүріп, 30-дан астам киелі жер мен тарихи ескерткіштерге зерттеу жүргізеді.

Аспан астындағы мұражай саналатын Маңғыстауда еліміздегі тарихи ескерткіштердің үштен бір бөлігі жатыр. Жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен өңірдің құпиясын ашып, тарихын зерттеу үшін жер-жерден білікті ғалымдар жиналды. Экспедиция құрамында Түркия, Әзірбайжан мен Ресейдің ғылыми институттарының профессорлары бар.

Светлана Белоруссова, Кунсткамераның Орталық Азия бөлімінің қызметкері, түркітанушы:

- Қазақстанға, оның ішінде Маңғыстау түбегіне қызығушылығымыз жоғары. Біздің орталықта 20-ғасырдың басында осы өңірден жинақталған 100-ден аса экспонат бар. Оның санын толықтырып, әрі қарай тереңірек зерттеу үшін халықаралық экспедиция құрамына қосылдық.

Кешенді экспедиция 6 бағытты қамтымақ. Көне порттар, жерасты мешіттері, Маңғыстау петроглифтері мен құдықтары зерттеліп, этнографиялық мәліметтер жинақталады. Мамандардың бірі Парсы мен Маңғыстаудың эпостарын зерттеп салыстырса, енді бірі көшпелілердің мәдениетін танып-білумен айналысады. Ғалымдардың тағы бір тобы Маңғыстауда өмір сүруі мүмкін деп болжанған Тұмар ханшаның тарихын зерттемек. Мамандар Сақ патшайымы Үстіртте патшалық құрған деген тұжырым жасап отыр.

Алқажан Еділхан, өлкетанушы:

- Біздің жеріміздің өзінің құрылысы, жеріміздегі сақталып қалған топонимика, құдықтардың аттарығ тіпті кісінің аттарына дейін осы тұжырымды дәлелдеп отыр. Мысалы, біздің жерімізде «Бесоқты» деген құдық бар. Неге 3 оқты емес ол, неге 4 оқты емес ол? Томирис патша Кирменен соғысардың алдында Кир патшаға 5 оқ жіберген. 

Шетел ғалымдары киелі Маңыстауды түркі әлемі археологиясының орталығына айналдыруды ұсынып отыр. Осы мақсатта арнайы зерттеу жұмыстары жүргізіліп,  ғылыми есептер дайындалады. Аймақтың бай мәдени мұрасын әлемге таныту үшін экспедиция нәтижесі туралы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде деректі фильм түсіріледі.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы