365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағанды облысында күйшілер фестивалі ұйымдастырылды

  • 336
Қарағанды облысында күйшілер фестивалі ұйымдастырылды

Қарағанды облысының Шет ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында республикалық «Күй керуені» фестивалі өтті.

Араға 10 жыл салып ұйымдастырылған өнер мерекесіне алыс-жақыннан күйшілер жиналды. Бұл жолғы шара дәулескер күйші Дәулетбек Сәдуақасұлының 80 жылдық мерейтойына арналды.

Фестивальдің Ақсу-Аюлыда өтуі кездейсоқ емес. Шет өңірі – шертпе күйдің қайнар бұлағы. Қасиетті мекенде Қыздарбек, Сембек, Әбди, Бегімсал күйшілердің ізі қалған. Қазір де бұл өлке өнерлі жастардан кенде емес.

Ертай Жәнібеков, күйші:

– Соңғы 200 жылда бұл жерде керемет даңқты күйшілер дүниеге келген. Қыздарбек, Әбди, Мақаш, Әбікен Қасеновтың өзі неге тұрады. Сол кісілердің кезінде қуғынға ұшыраған шертпе күйлерін осы заманға әкеліп, үйреткен Дәукең ақсақал болатын.

Биылғы фестиваль дәулескер күйші Дәулетбек Сәдуақасұлының 80 жылдық мерейтойына арналды. Оған еліміздің түкпірінен 19 өнерпаз қатысты. Олардың арасында жасы 70-тен асқан қарияларымыз да бар. Кеште Тәттімбеттен бастап, Қыздарбектің, Әбікеннің, Сайдалы сары Тоқаның, Мағауияның күйлері орындалды.

Қайролла Сәдуақасов, шараны ұйымдастырушы:

– Бес облыстан күйшілер қатысып жатыр. Осы фестивальге арнап «Мәңгілік сарын» атты кітап шығардық. Содан кейін күйтабақтар шықты.

Әлі сиясы кебе қоймаған «Мәңгілік сарын» кітабының тұсауы осы кеште кесілді. Айта кету керек, рухани азық іздеп келген ауыл жұрты бұл күні залда иін тіресті. Күй өнерін зерттеп жүрген ғалымдар да фестивальге қатысып, жақсы дәстүрді үзбей, әрі қарай жалғастыру керек деген ойларын айтты.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Әсет Асайынов

Осы категория бойынша: « Түркістандағы танымдық музей тарихтан сыр шертеді Оралдағы көрмеге Аңсаған Мұстафаның 44 туындысы әкелінген »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы