374,05 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Астана Балет» өнерпаздары Италия көрермендерінің қошеметіне бөленді

  • 172
  • UPD: 23:49, 10.09.2018

«Астана Балет» театрының труппасы Италияның Милан қаласында өнер көрсетті.

Қазақстандық әртістер Нуово атындағы ежелгі өнер ұжымының сахнасында көрермен назарына ең үздік бағдарламасын ұсынды.

Олардың гастрольдік сапары «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отыр. Нуово театрының тарихы өткен ғасырдың 38-жылынан бастау алады. Ежелгі сахна төрінде әлемдегі әйгілі труппалар өнер көрсетеді. «Астана Балет» театрының әртістері де солардың қатарында. Жергілікті көрермендер назарына отандастарымыз «Астана Балет Гала» бағдарламасын ұсынды. Онда ұлттық хореография үлгілері заманауи нақышта көрініс тапқан.

Мукарам Авахри, «Астана Балет» театрының бас балетмейстері:

– Театрымыз жас болғанымен, репертуары толығып келеді. Шет мемлекеттерге шыққанда, мақсатты түрде «Астана Балет Гала" бағдарламасын ұсынамыз. Сол арқылы көпшілік репертуарлық бағыт-бағдарымызды білетін болады. Оның негізі ұлттық құндылықтардан тұрады.

Өнерпаздарды көпшіліктің ыстық ықыласы мен зор қошеметі қанаттандырды. Көрермендердің арасында италиялықтар мен қатар бірқатар отандасымыз да бар. Айта кетейік, «Астана Балет» театрының өнеріне әйгілі «La Scala» театрының педагог-хореографы жоғары баға берді.

Анна Ольховая, «La Scala» театрының педагог-хореографы:

– Алған әсерім зор. Керемет өнер көрсетті. Хореографиясы ерекше. Сахналық киімдері де ұнады. Солистерге жарайсыңдар дегім келеді.

«Әуезді әуен мен айрықша шығармашылық бейне». Көрермендердің көбі қазақстандық театр өнерін осылай бағалады. Жалпы бұл «Астана Балеттің» алғашқы гастрольдік сапары емес. Бұған дейін Мәскеу, Бейжің, Вена сахналарында өнер көрсеткені белгілі. Сол арқылы жас труппа әртістері шығармашылығын шыңдап қана қоймай, қазақ мәдениетін әлемге таныстыруды мақсат тұтады. Театрдың сапары алдағы уақытта Монакода жалғаспақ. 

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Айдана Карибжанова, Малика Назарова

Осы категория бойынша: « Қазақ мемлекеттік опера және балет театры Грузияда өнер көрсетті Алматыда мүсіндердіӊ халықаралық фестивалі өтіп жатыр »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы