366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Франция халқы «Отырар сазы» оркестрінің өнеріне тәнті болды

  • 223
  • UPD: 23:47, 01.10.2018

«Франциядағы Қазақстан күзі» жалғасуда, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Нұрғиса Тілендиевтің «Отырар сазы» оркестрі талғампаз француздарды өз өнерімен баурап, таңдай қақтырып жүр. Елдің оңтүстігіндегі Монпелье мен Канн қалаларында өткен концерттерде ине шаншар орын болған жоқ. Тілшіміз Жанат Эрнст көрермендермен бірге Ұлы Дала әуендеріне құлақ түрген еді.

Нұрғиса Тілендиев атындағы фольклорлы-этнографиялық оркестр француздық Ривьерада. Осылайша көптің көңілінен шыққан қазақ және француз композиторларының әуені теңіз жағалауында шырқалмақ. Бұл осымен аңызға айналған оркестрдің Францияда өтіп жатқан екінші концерті. Қазақ музыканттары «Франциядағы Қазақстан күзі» жобасы аясында өнер көрсеткелі отыр.

Көрермендер концертте қазақ композиторлары Ықылас пен Түркеш, Нұрғиса Тілендиев, Евгений Брусиловскийдің шығармаларын тыңдап, домбыра, қобыз, жетіген, саз-сырнай секілді халық аспаптарының үніне тәнті болды. Сондай-ақ оркестр белгілі француз музыканттары Мишель Легран мен Шарль Азнавур шығармаларын орындаған. Канн қаласының талғампаз жұртшылығы қазақстандық шеберлерді зор қошеметпен қарсы алды.

Жан Ғалиев, Қазақстанның Франциядағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- Бүгінде француздар Қазақстанды мәдениеті арқылы көбірек тани бастады. Себебі халықтарды жақындастыратын да дәл осы мәдениет ғой. Біз биыл Қазақстан мен Франция арасында стратегиялық серіктестіктің орнағанына 10 жыл толғанын атап өтіп жатырмыз. «Франциядағы Қазақстан күзі» жобасы осы мерейтойға жасаған сыйымыз. Мәдени маусым аяқталатын желтоқсан айына дейін көптеген француздар елімізді жақсырақ тани түсетініне үміттіміз. 

Томас де Париенте, Канн қаласының вице-мэрі:

- Қазақстан өзінің үздік шығармаларын халықаралық мәдениет пен білім орталығы саналатын Канн қаласында ұсынып отырғаны – біз үшін үлкен абырой. Осындай ерекше концертті өткізгенімізге өте қуаныштымыз.

Француз көрермендері аты аңызға айналған «Отырар сазы» оркестрін жылы қарсы алды. Оркестрдің орындауындағы шығармалар, ұлттық аспаптардың әуезділігі тыңдармандарды баурағаны анық. Осы концерт қазақтың тарихы, өзіндік мәдениеті мен табиғатынан сыр шерткендей.

Даниэль Моритц, Канн қаласының тұрғыны:

- Өз әсерімді білдіретін сөз тапқан жоқпын, таң қаларлық жағдай. Концертке қайта келгім кеп тұр, осы тамаша музыка жазылған дискті сатып алғым келеді.

Динара Тілендиева, «Отырар сазы» оркестрінің дирижері:

- «Рухани жаңғыру» бағдарламасының арқасында осындай керемет залдарда өнер көрсетіп жүрміз. Нұрсұлтан Әбішұлы «Халық қаһарманы» орденін табыс еткенде, әкемнің ауруханада айтқан сөздері еске түседі. «Әлі де халқымның алдында өтелмеген парызым бар, жазылғаннан кейін осымен айналысам» деген еді. Өкінішке қарай, ол дүниеден озды. Қазақстанды әлемге таныту туралы әкемнің арманын орындаймын деп ойлаймын.

Концерт аяқталғананан кейін жұрт тік тұрып қошемет көрсетті. Енді қазақстандық өнер майталмандары маусымның соңына дейін Францияда тағы да бірнеше концерт өткізуді жоспарлап отыр.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы