377,95 433.40 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Нидерланд халқы Ұлы дала әуенін тыңдады

  • 344
  • UPD: 15:14, 02.12.2018

Қазақстанның Тұңғыш Президенті мен еліміздің алдағы Тәуелсіздік күні Нидерландта да аталып өтті, деп хабарлады «Хабар 24» тілшісі.

Қазақстан дипломаттарының шақыруымен Гаагадағы әйгілі Дилиджентиа театрында «Зе Мэджик ов Ноумадз» тобының концерті және Қазақстанның осы мемлекеттегі елшілігінің салтанатты қабылдауы өтті. 

Концерттік қойылым алдында еліміздің Нидерландтағы елшісі Мағжан Ілиясов қонақтарға Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының негізгі тезистерін таныстырды. Осыдан кейін көрермендер домбыра, сыбызғы, шаңқобыз, сазсырнайдан төгілген күй мен ән арқылы ұланғайыр даланың үнін естіп, көшпенділердің тарихы мен мәдениетін көрді. Ұлттық музыканың джазбен үндесуі қонақтарды тәнті етті.

Александр Белартс ван Блокланд, жергілікті көрермен:

- Концертте джаз да болды. Бірақ мен мұндайды Голландияда естіген емеспін. Әсіресе маған өнерпаздар тобының әншісі ұнады. Оның ойнаған аспабының үні қандай ғажап. Концерт өте ұнады. 

Мағжан Ілиясов, ҚР-ның Нидерландтағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалада Елбасы қазақ мәдениетінің, ділі мен танымының тамыры терең екенін атап өтті. Міне бүгін батыс көрермендері көшпенділердің музыкасы мен мәдениетін естіп, соны сезінді.

Құрманғазы Қалиев, домбырашы:

- Осы Голландия еліне келгенде, ең бірінші мақсатымыз – қазақ елінің рухани байлығын, музыкасын насихаттап, осындағы халыққа, осында жүрген қандас бауырларымызға көрсету, біздің бар байлығымыз музыкада жатқанын дәлелдеу. 

Жалғасбек Ілес, домбырашы, сыбызғышы:

- Халықтың ыстық ықыласына бөлініп, қолпаштауына бөлініп жатқанымызға өте қуаныштымыз, көңілден шыққанымызға қуаныштымыз! Біз қазақ әуендерін жеткілікті деңгейде көрсете алдық деп ойлаймын.

Қазақ күйлері мен әндерінің джаз жанрымен бірігіп қойылуы көрермендер көңілінен шықты. Көпшілік қазақстандық өнерпаздарға орындарынан тұрып, ұзақ қол шапалақтады.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы