378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Таяу Шығыс елдерінің тарихында мәмлүктер қандай із қалдырды?

  • 668
  • UPD: 17:29, 25.01.2019

Бір топ қазақстандық зерттеуші Израильге арнайы барды, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Бабалар ізімен» экспедициясы жергілікті ғалымдармен кездесіп, ондағы тарихи орындарды аралады.

Бұл – Айн-Джалут мекені. 13-ғасырдың ортасында дәл осы жерде моңғолдар мен мәмлүктердің әскерлері кездескен. Олар өз жолында барлығын ойсыратып жүрген моңғолдарға тойтарыс беруге бел буған жалғыз топ өкілдері болды. Қазақстандық зерттеушілер мұнда ешқашан болған емес. «Бабалар ізімен» экспедициясы 1260 жылғы шайқас мекеніне алғашқы рет келіп тұр.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» экспедициясының жетекшісі:

– Бұл шайқас Таяу Шығыс тарихында айтарлықтай өзгерістерге әкелді. Ислам әлемі жойылу қаупінен арылса, батыл мәмлүктер моңғол армиясының жеңілмейтіндігі туралы мифті біржола жойды. Жауды ойсырата жеңген Бейбарыс енді өз назарын крестоностарға аударады. Осылайша 1265 жылы мәмлүктер Жерорта теңізі жағалауындағы Арсуф қаласына жақындайды. Бекіністі қоршау 40 күнге созылады.

Рафи Касимов, тарихшы:

– Ол екінші жағынан қазуды бастайды. Сол кезде крестоностар келіссөз жүргізуге шешім қабылдайды. Бірақ Бейбарыс олардың ешқайсысын аямады. Оның мақсаты барлық бекіністерді бұзып, мұнда ислам үшін қасиетті орындар салу болды.

Сұлтан Бейбарыс тек жағалаудағы қалаларды ғана жойды. Мәмлүктер елді мекендер мен бекіністерді өз бақылауына алды. Сондай-ақ крестоностардың шіркеулерін мұсылман мешіттеріне ауыстыру жұмыстарын да жүргізді. Бұл ғимараттардың ішкі архитектурасы бойынша байқалады. Жалпы мәмлүктер қалалық инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударған. Олардың қолдарымен салынған көпір әлі күнге дейін Лот қаласында бар.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» экспедициясының жетекшісі:

– Қазір Израиль аумағында мәмлүктер заманындағы көптеген тарихи ескерткіш сақталған. Олар Дешті-Қыпшақ аймағынан шығушылар Таяу Шығысты дамытуда маңызды рөл атқарғандығын дәлелдейді. Ал «Бабалар  ізімен» экспедициясы әрі қарай өз жұмысын жалғастырады. Ендігі кезекте Палестинаның ежелгі қалалары Хеврон, Вифлеем және Иерихон тұр.

Авторлары: Ернур Досжанов, Самат Бекбатыров

Хабар 24 телеарнасы