378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елордада ерекше қолөнер шебері тұрады

  • 513
  • UPD: 23:16, 29.01.2019

Шебердің қолы ортақ. 

Есімі – Руслан Жүнісов. Ағашты ойып, аң-құс пен адамның бейнесін айнытпай жасап шығарады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі. Бір қызығы, оның дүниелерінің биіктігі бар болғаны 5 сантиметр. Қазір ол бағзы замандарда бабаларымыз айналысқан бұл істі қайта жаңғыртып, шәкірт тәрбиелеп жүр.    

Айбын Мейрам – Астанадағы №79 мектептің 5 сынып оқушысы. Үйірмеге қатысып жүргеніне 1 жылдан асыпты. Осы уақыт ішінде жануарлар бейнесін жасауды үйренген. Арыстан, қасқыр сияқты жыртқыштарға көңілі ауғанымен, қазір ағашты жолбарысқа айналдыруға тырысып жатыр. Айтуынша, ол үшін әлі кем дегенде бір апта қажет көрінеді.  

Айбын Мейрам, мектеп оқушысы:

- Біріншіден, жолбарыс маған өте қатты ұнайды. Жолбарысты кішкентай кезімнен бастап жақсы көріп, жасайтынмын. Інімнің үйде көптеген ойыншықтары бар. Бірақ тек бір ғана аң жетіспейді. Ол – жолбарыс. Інімді қуанту үшін жолбарыс жасағым келіп тұр.

Қазір Руслан Жүнісовтің Айбын сияқты 80-ге шуық шәкірті бар. Олар оймақтай ғана мүсінге үлкен ой сыйғызып, өнер туындысын жасаудың қыр-сырын үйреніп жүр. «Әсіресе Ұлы даланың тарихы әр мүсінде көрініс табуы тиіс», – дейді шебер.      

Руслан Жүнісов, шебер:

- Мен білгенімді барынша балаларға үйретуге тырысамын. Әрине, олардың барлығы болашақта ағаш кесумен айналыспайды, дегенмен өнердің осындай бағыты барын білсе деймін. ХХ ғасырда сақ қорғандарында жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде бірқатар ағаш және металл бұйымдар табылды. Олардың жасалу үлгісі бірдей екені көзге анық байқалады. Бұл сақтардың аң стилі деп аталады.          

Руслан Жүнісовтің шағын мүсін жасаумен айналысқанына 30 жылдан асыпты. Осы уақыт аралығында ол ұлтымыздың наным-сенімдерін, дүниетанымын үздіксіз зерттеп келеді. Мәселен, «Алтын адамның өзі көне замандағы мәдениеттен сыр шертеді», – дейді ол.  

Руслан Жүнісов, шебер:

- Сол кезеңнің адамдарында жаратылыс жайлы нақты түсінік қалыптасқан. Оны Алтын адамның бас киіміндегі бейнелерден байқауға болады. Бұл – тұяқты жануарлардың, жыртқыштардың және адамдардың бейнесі. Яғни сол кезеңде өмір сүрген адамдар әлемді 3-ке бөліп қарастырған. Орта әлемнің жануарлары тұяқтылар мен жыртқыштар болса, құстар жоғары әлемге жатқызылған. Бұл жүйеде адамның да орны бар.

Русланның айтуынша, бабаларымыздың өмір сүру салты мен дүниетанымы жайында таңды таңға ұрып, әңгімелеуге болады. Ал шебердің қолынан шыққан шағын ескерткіштер – оларды тарихта қалдырудың тағы бір жолы.

Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев, Аят Дүйсембаев     

Хабар 24 телеарнасы