378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы жарияланды

  • 3614
  • UPD: 23:34, 04.02.2019

«Қобыланды батыр» жырын жаттап, оны мүдірмей жеткізген оқушыға 1 млн теңге берілмек, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бүгін Qazaq epos қоғамдық қоры «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауын жариялады. Ал Ақпарат және коммуникациялар министрлігі және «Хабар» Агенттігі бұл жобаға қолдау көрсетіп отыр.

Жас санаға ұлттық тәлім-тәрбиенің негізін қалыптастырып, қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімдерінің біліктілігін арттыру. Qazaq epos жобасының көздегені осы. Оның үстіне 50 мың оқушыға «Қобыланды батыр» жырын жаттатып, Гинесс рекордтар кітабына ену де жоспарда бар.

Ағарту жобасы 3 кезеңнен тұрады. Алғашқысы – сәуірде өтетін аудандық байқаулар. Бұдан кейін қатысушылар мамыр айында облыс бойынша бақ сынасады. Кейін бұл конкурс маусым-шілде кезінде республика деңгейінде ұйымдастырылады.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

- Қатысушылар «Қобыланды батыр» жырын жатқа айтып, жырдың ішіндегі көнерген, тарихи сөздердің мағынасын ашып, қазақ әдебиеті оқулығы бойынша әзірленген сұрақтарға жауап береді. Алдын ала БАҚ жарияланған тақырыптар бойынша эссе жазады. Негізгі бағыт – тарихи эпостарды жаттау, туындыны толық жатқа айту, мәнерлеп оқу, эпостағы әр сөздің мағынасы мен мазмұнын түсіну.

Оқушыларға тағайындалған жүлде қоры аудандық кезең үшін – 300 мың, ал облыстық байқау үшін – 1 900 000 теңге. Ұстаздарды да қомақты қаржылай сыйақымен марапаттау қарастырылған. Қатысушылар «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау жазған нұсқасын мүдірмей айтып шығуы тиіс.

Бақытжан Тұрлыбеков, Qazaq epos қоғамдық қорының бас директоры:

- «Қобыланды батыр» жырының 29 нұсқасы бар. Соның ішінде ғалымдардың ұсынуымен біз Марқабай жырау нұсқасын алдық. Биыл 107 беттен, яғни 3627 қатардан тұратын Қобыланды жырының Марабай нұсқасын аталған 5 мың мектептен 50 мың оқушы жаттайтын болады.

Ал «Хабар» Агенттігі ата-бабамыздан мирас болған қазақ эпосын жатқа айту байқауына ақпараттық қолдау көрсетеді.

Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ төрағасының бірінші орынбасары:

- «Хабар» Агенттігіне қарасты 4 телеарна бұл республикалық жалпыұлттық жобаны 3 форматта қолдайтын болады. Бірінші кезекте жаңалықтар, ақпараттық бағдарламалар арқылы көпшілікке көрсетіп, насихаттайтын боламыз. Екінші кезекте облыстық деңгейде өтетін жарыстарды іріктеп, арнайы жастарға қызық болатындай етіп тек экраннан емес, интернетте де көруге қызықты болатындай етіп, арнайы күнделіктер арқылы жеткізуді жоспарлап отырмыз.

Ал Астанада өтетін республикалық ақтық сын гала-концерт түрінде толық нұсқада түсіріліп, көрерменге жол тартады.

Авторлары: Ж.Біркенов, Ғ.Алшынбаев

Хабар 24 телеарнасы