377,65 427.65 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтаулық зейнеткер М.Мақатаевтың шығармаларына ән жазып жүр

  • 441
  • UPD: 18:36, 09.02.2019

Ақтаулық Оразалы Сейсенбаев қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың шығармаларына ән жазады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жол құрылысы саласының зейнеткері дара тұлғаның бірнеше өлеңін сырлы сазға қосқан. Оларды маңғыстаулық әншілер әртүрлі мәдени шараларда орындап жүр. Сазгер қазір ақынның «Бәрін де қойшы» атты туындысына ән жазып жатыр.

«Байқалмай өткен махаббат» – қазақтың ақиық ақынының ғашықтық тақырыбында жазған қайталанбас шығармаларының бірі. Сырлы сезімді суреттеудің сұлтаны Мұқағали Мақатаев сұлу қызды терезе сыртынан бақылап, оның көлеңкесіне алданып өткен күнін оқырман санасына терең жеткізеді. Өлеңге жазылған әнді орындау жеңіл әрі жұмсақ естілетін лирикалық дауысты талап етеді. Осы себепті сазгердің таңдауы маңғыстаулық әнші Асанәлі Көшеровке түскен.

Асанәлі Көшеров, М.Өскінбайұлы атындағы облыстық филармония әншісі:

– Мұқағали ағамыздың сөздерін бүкіл қазақ біледі. Салмағы бар. Сонымен қызықтырады. Бұрынғы Шәмші Қалдаяқов, Ескендір, Әсет Бесеуов ағаларымыздың әндерінің сазына келеді. Әдемі. Вальстік екпінінде. Тамаша, құлаққа жағымды.

Оразалы Жолжанұлы – Таушық ауылының тумасы. Өскемендегі институтта жоғары білім алған. Кейін Шетпе селосын, оған іргелес елді мекендерді Ақтауға қосатын асфальт жол салуға қатысады. Жұмыс күндерінің бірінде Мұқағалидің тырнақалды өлеңдері басылған журналға көзі түседі. Сол сәттен бастап ақын шығармашылығына ән жазудан қол үзбей келеді.

Оразалы Сисембаев, сазгер:

– «Қалай, қалай?! Қалқам, маған не дедің?! Meн өзімді зерттей алмай келемін. Өзім жайлы жалғыз ғана дерегім – өзгелерге түсініксіз өлеңім», – дейді. Өзі солай деп отырған өлеңді мен қайдан түсінейін. Сондықтан оны бірнеше рет оқимын. Әбден түсінген кезде барып сіз айтқандай бір әуендер келе бастайды.

Арнайы білімі болмаған соң сазгер шығарған әнін нотаға түсіре алмайды. Музыкалық әрлеуші маманға келіп, ойында жүрген әуенді дауыстап айтып береді. Мұнан соң оны орындауға лайықты әншіні бірлесе таңдайды. Айта кетейік, жуырда «Таңғы хабар» бағдарламасында Мұқағалидың сөзіне жазылған «Аңса жаным» және «Байқалмай өткен махаббат» әндерінің тұсауы кесіледі.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы