378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарда «Жібек жолы» халықаралық байқау-фестивалі өтіп жатыр

  • 338
  • UPD: 23:23, 25.02.2019
Павлодарда «Жібек жолы» халықаралық байқау-фестивалі өтіп жатыр

Павлодардағы «Жібек жолы» халықаралық фестивальіне 600-дей өнерпаз қатысып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Жас музыканттар Ресей, Түркия, Литва, Әзербайжан, Өзбекстан, Тәжікстан және Грузия елдерінен келген. Классикалық музыка мерекесі Жастар жылына орайластырылып отыр.

Бұл фестивальдің шымылдығы өнер мен мәдениеттің алтын қазығына айналған Павлодардың музыкалық колледжінде түрілді. «Жібек жолы» халықаралық байқауының географиясы өте кең. Қазақстанның түкпір-түкпірінен және 9 мемлекеттен келген қатысушылар 5 аталым бойынша сынға түсіп жатыр. Байқау 29 жанрды қамтыған. Фортепиано, ішекті аспаптар, академиялық вокал, үрмелі аспаптар, қазақ ұлттық аспаптары болып жалғаса береді. Қатысушылардың жас ерекшеліктері әртүрлі. Хас жүйрікті тани білу қазылар алқасына оңайға түспесі анық. Үш күн ішінде олар 600 өнерпазды тыңдады. Ал бәйгеге үкілеп әкелген шәкіртінің жеңісі оқытушылар мен концертмейстрлердің дәрежелерін көтереді.

Серік Қасымханов, Музыкалық колледж – дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының басшысы:

- Бұл байқаудан күтетініміз – жаңа есімдер. Жаңа таланттар. Ынтымақтастық, халықаралық деңгейдегі балалардың абыройын үстем қылу. Сондықтан бұл байқаудын күтетініміз көп. Ең бастысы, бұл – біздің Павлодар қаласындағы Павлодар музыкалық колледжінің 60 жылдық мерейтойына арналған алғашқы ең үлкен іс-шара.

Фестиваль шеңберінде кәсіби мамандар шеберлік сабақтарын өткізіп, музыканттардың өзара тәжірибе алмасуына жағдай жасалды. Ұзын саны 30-дан аса қазылар алқасы жас орындаушылардың өнеріне баға берді. Олардың құрамына Ресей, Түркия, Грузия, Әзербайжан, Өзбекстаннан келген атақты өнер саңлақтары, қазақ өнері мен мәдениетінің дамуына үлес қосып жүрген қазақстандық музыканттар кірген.

Дәл қазір қазір «Жібек жолы» фестивалі шеңберінде РФ халық әртісі Александр Цыганковтың қатысуымен үлкен гала-концерт өтіп жатыр. Ал байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі ертеңге жоспарланып отыр. Бір сөзбен айтқанда, өнер әлемі жаңа есімдермен, дәлірек айтсақ, жаңа жұлдыздармен толығады.

Авторы: Қарлығаш Қасиетова

Хабар 24 телеарнасы