378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атырау облысындағы музейлерде аудиогид арқылы бес тілде мәлімет алуға болады

  • 252
  • UPD: 12:20, 07.03.2019

Атырау облысында енді музейге келушілер гидсыз-ақ өңір тарихынан толық мағлұмат ала алады.

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының арқасында аймақтағы барлық музейлер мен тарихи мекендер туралы мәліметтер электронды жүйеге көшірілді. 

Заман талабына сай электронды жүйелер еліміздегі барлық салаға енгізіле бастады. Соның бірі – көпшілікке мәдени-рухани азық сыйлайтын мекемелердегі жаңалық. Музейлердегі бір жетістік деп аудиогид құрылғысын айтуға болады. Аудиогид музейге келушілерге барлық құндылықтар жөнінде қазақ, орыс, ағылшын, түрік және қытай тілдері секілді 5 тілде мәлімет береді. Ақпараттық технологиялардың мұндай жетістігіне өнерсүйер қауымның да ықыласы күн санап артып келеді.

Мадияр Қайрошев, Атырау қаласының тұрғыны:

- Осы құрылғының арқасында мен жалғыз өзім жүріп көптеген мәліметтер алдым. Мысалы, қазақша, орысша, ағылшынша жақсы мәлімет алуға болады екен.

Ендігі жерде музей экскурсоводтары жалғыз-жарым келушілер үшін уақытын зая кетірмейді. Оларға цифрлық жүйе қызмет көрсетеді. Ал музей мамандары көп көлемде, топпен келген қонақтарға жалпылама қызмет көрсететін болады. Сонымен қатар мұрағат, жалпы экспонат қоры үшін де цифрлық жүйенің берер пайдасы мол.

Рашида Харипова, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры:

- Музей мамандарының жұмысын жеңілдетуге көп көмегін тигізіп жатыр. Бұрынғы уақытта құндылықтарды жылжымалы көрмелерге шығару үшін біз музей құндылығының актін толтыру  үшін 1 күнге жуық уақыт кететін болса, қазіргі уақытта 5-ақ минутта құндылықтың негізгі және қосымша қорының реттік санын енгізу арқылы оның барлық мәліметтері автоматты түрде шығып отырады. Бұл музей мамандарының жұмысын жеңілдетіп отыр.    

Атырау облысы бойынша қазіргі таңда облыстық тарихи-өлкетану мұражайына қарасты барлығы 9 бөлімше, оның ішінде   3 аудандық, 1 қалалық, 4 ауылдық мұражай және 1 тарихи-қорық  бар. Онда барлығы 11 мыңға жуық жәдігерлер сақталған. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының арқасында енді мамандар музей қорын толықтай электронды есепке алуға, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге, ауқымды ғылыми-ақпарат алуға, құндылықтарға электронды каталог жүргізуге мүмкіндік алды.  

Авторлары: Бекен Әлирахым, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы