389,91 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Астанада Наурыз мерекесін тойлау басталды

  • 893
  • UPD: 21:38, 13.03.2019

Астанада Әз-Наурыз мейрамын тойлау басталды. «Хабар» арнасы мен «Қазақконцерт» басшылығы бірлесіп «Ұлыстың ұлы күні» атты мерекелік шара ұйымдастырды.

Елге танымал өнерпаздар балалар үйінің тәрбиеленушілері мен кембағал жеткіншектерге арнап тосын сый әзірледі. Көнеден жеткен көрісу дәстүрін жаңғыртып, бағалы сыйлықтарды тарту етті. Кейін қайырымдылық шарасы мерекелік концертке ұласты. Мерекелік кешті тамашалау үшін 400 балаға тегін билет таратылған. Игі іске Мәдениет және спорт министрлігі мұрындық болды.

«Қазақконцерттің» тотыдай түрленген күні бүгін. Кіре-беріс қызылды-жасылды кілемге көмкерілген. Жердің тоңы жібіп, сірескен сеңнің сөгілген кезін әспеттесе керек. Ақшаңқан үйлер қатар тізіліп, ұлттық дәстүр қайта түледі. Астана жұрты Әз-Наурызды тойлауды осылай бастап кетті. «Хабар» арнасы «Қазақконцерт» басшылығымен бірлесіп «Ұлыстың ұлы күні» мерекелік шарасын ұйымдастырды.

Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

- Бағзыда баба салтында болып, кейін ұмыт қалған амал мерекесін жаңғырту арқылы – әз-Наурыздың қадір-қасиет арттыруға болады. Көрісуден бастау алған думанды дүрмек қазір елдің түпкір-түпкірінде кеңінен атап өтіліп жатыр. «Ұлыстың ұлы күні» мерекелік шарасы соның айғағы болса керек. Игі шараға елге танымал өнерпаздар қатысты. Олар жетімдер үйінің тәрбиеленушілері мен кембағалар балаларға арнап тосын сый әзірледі. Балаларды шаттыққа бөлеу үшін бағалы сыйлықтар таратты.

Жеңіс Сейдоллаұлы, «Qazaqconcert» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры: 

- Ұлттық ойындар мерекелік шараның көркін қыздырды. Балалар асық атып, арқан тартысты. Балуандар боз кілемде белдесіп, қылықты қыздар алтыбақан тепті. Қазыналы қарттар киіз үйде көрісіп, Наурыз көжеден дәм татты.   

Алтынбек Қоразбаев, ҚР Халық әртісі, композитор:

- Ұлыс күні араздасқан татуласып, төс қағыстырған. Бай-бағландар жарлы-жақыбайға жәрдем қылып, көмектескен. Сондықтан бұл мейрам – ізгілік пен мейрімнің, қайырымдылық пен шаттық белгісі іспеттес.

«Хабар» арнасының тартуы мұнымен шектелмейді. Әз-Наурызда еліміздің басты арнасы көзі қарақты көрерменді қызықты бағдарламаларымен қуатпақ.

Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

- Қайырымдылық шарасымен басталған «Ұлыстың ұлы күні» кейін мерекелік концертке ұласты. Игі істің өтуіне ұйытқы болғандар концертті тамашалау үшін 400 балаға тегін билет таратып, алғысқа кенеліп отыр. Ғаламат кештің толық нұсқасын 22 наурыз күні «Хабар» арнасынан кешкі сағат 21:30-да тамашалай аласыздар.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Асхат Қарақойшиев

Хабар 24 телеарнасы