379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өзбекстанда «Ұлы дала: тарих және мәдениет» Қазақстан көрмесі ашылды

  • 210
  • UPD: 12:18, 13.04.2019
Өзбекстанда «Ұлы дала: тарих және мәдениет» Қазақстан көрмесі ашылды primeminister.kz
Өзбекстан Республикасындағы Қазақстан Республикасы жылының салтанатты ашылу құрметіне орай, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық музейі Өзбекстан Мемлекеттік өнер музейінде «Ұлы дала: тарих және мәдениет» көрмесін ашты.

Көрменің ашылу салтанатына ҚР Ұлттық музейінің директоры А. Нұразхан, Өзбекстандағы Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісі Д. Сатыбалды, Өзбекстан Республикасы мәдениет вице-министрі К. Акилова, Өзбекстан Мемлекеттік өнер музейінің директоры В. Файзиева қатысты.

Көрме ашылар алдында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін екі мемлекеттің ресми өкілдерінің қатысуымен баспасөз отырысы ұйымдастырылды.

Шарада Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынасты нығайту мақсатында музейлердің мәдени байланысының маңызы туралы жан-жақты сөз қозғалды.

«Ұлы Дала: тарих және мәдениет» көрмесінің мақсаты — Қазақстанның тарихи-мәдени бай мұрасымен тұрғындарды таныстыру.

Бұл көрме жобасы Беларусь, Әзербайжан, Ресей, Қытай, Польша, Оңтүстік Корея, Татарстан Республикасы секілді елдерде табысты өткізілген. «Алтын адам» көрмесін аталған елдерде миллионнан астам көрермен тамашалады. Жоба үш жыл ішінде іске асырылады, 2020 жылдың соңына дейін көрме әлемнің 20 жуық елінде өткізіледі. Аталған көрме биыл Малайзия, Италия, Түркия және Грузия музейлерінде ұйымдастырылмақ. Ал келер жылы АҚШ, Австрия, Франция, Швейцария мен Германияның музейлерінде өткізіледі. Көрменің салтанатты ашылуында ҚР Ұлттық музейінің директоры Алмаз Нұразхан қазақстандықтарды шақыртып, ыстық ықыласпен қабылдаған Өзбекстан Мемлекеттік өнер музейінің ұжымына алғысын білдірді.

Өзбекстан Мемлекеттік өнер музейіндегі көрмеге киімі алтын, ал бас киімі жебе, қар барысы, арқар, жылқы және құс бейнесіндегі алтынмен әшекейленген «Алтын адамның» реконструкциясы ұсынылып отыр. Сонымен қатар аталған көрмеден сақ жауынгерімен (археологтардың пікірлері бойынша 17-18 жастар шамасында) бірге жерленген ерте темір ғасырының (б.д.д V-IV ғғ.) археологиялық олжаларының коллекциясын тамашалауға болады. 

Көрмеде сол сияқты Тақсай (Батыс Қазақстан облысы), Талды-2 (Қарағанды облысы) және Берел (Шығыс Қазақстан облысы) сынды сақ қорғандарынан табылған археологиялық бірегей олжалар да көрсетілді. Есік қорғанынан табылған заттар арасында ежелгі жазба ескерткіштерінің бірі руна жазумен жазылған жазбасы бар күміс тостағанның экспозициядан алар орны ерекше.

Көрмеге Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қорларынан барлығы 127 зат ұсынылды. Көрмеге ұсынылған Қазақстанның ежелгі және ортағасырлық өнерінің жауһарлары — бұл Еуразия дала мәдениеті мұрасының өзіндік ерекшелігін көрсететін, бұрынғы дәуірдің есімдері белгісіз шеберлері жасаған ғажап туындылардың аз ғана бөлігі.

Ақпарат көзі: primeminister.kz

Хабар 24 телеарнасы