389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Үркер» ұлттық сыйлығының иегерлері анықталды

  • 528
  • UPD: 22:40, 28.06.2019

Осымен үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылған шараға баспасөз, радио және интернет журналистика саласының өкілдері қатысып, кіл мықтыдан кім мықтыны анықтады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Сайыс 11 аталым бойынша өткізілді.

«Арқалағаны – алтын, жегені – жантақ». Қарымды қаламгер Шерхан Мұртаза суреттеген сақа мамандар осылар болса керек. Баспасөз беттерінде елдегі қордаланған жайттарды бүкпесіз жазып, радиодан шұғыл ақпарат таратқан, интернет желісі арқылы елдегі жайтты жедел жеткізген жандар марапатталды бүгін.

«Үркер» байқауы осымен үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен өткізілген сайысқа кіл мықтылар қатысты. Қазылар алқасы үздіктерді 11 аталым бойынша іріктеді. Озаттарды таңдау оңай болмаған.     

Ләззат Танысбай, қазылар алқасының мүшесі:

– Материалдар әртүрлі деңгейде түсті деуге болады. Аймақтар мен орталық, республикалық басылымдардан, ақпараттық агенттіктерден. Биыл әсіресе интернет порталдар өте белсенді қатысты. Материалдардың көптігінен қазылар алқасы мүшелерінің арасында пікірталас туындады. Бүгінгі жұмысымыз 3-4 сағатқа созылып кетті. Соңында әділ шешім қабылданды деп ойлаймын. 

Жақсылық жаршысы болған Egemen Qazaqstan газетінің қалың оқырманға жол тартқанына 100 жыл биыл. Сондықтан байқау ұйымдастырушылары ғасырлық тарихы бар басылымның құрметіне арнап мерейтойлық жүлде әзірлепті. Оны ардагер журналист Намазалы Омаш еншіледі.  

Намазалы Омаш, «Egemen Qazaqstan газетіне 100 жыл» жүлдесінің иегері:

– Биылғы жылы біздің негізгі, аға газетіміз Egemen Qazaqstan 100-ге толып отыр. Ғасырлық той. Ғасыр шежіресі деп айтуға болады. Бұл ұлт мәдениетінің, баспа мәдениетінің бір ғасырға кеткенін білдіреді.    

Ұлттық байқау қатысушылары «Жыл фотографиясы», «Жыл журналистік зерттеуі», «Қазақстан туралы жылдың танымдық материалы» сынды номинациялар бойынша сынға түсті. Озат жандар бақ сынаған сайыста «ҚазАқпарат» агенттігі жүлдесіз қалмады. 

Аян Өрібаев, «Үркер» ұлттық сыйлығының иегері:

– «Үркер» сыйлығының ұйымдастырылып отырғанына қуаныштымыз. Өйткені біз секілді жас қаламгерлер мен тілшілерге шабыт сыйлайды.

Жарыстың жүлде қоры қомақты. Министрлік тарапынан жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Бұл марапат олардың шарболаттай шыңдалып, қарым-қабілеттерін әлі де қарыштатуға мол мүмкіндік бермек.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Ғани Алшынбаев

Хабар 24 телеарнасы