385,96 428,94 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде қолдаудан қағылып тұрған бейнелеу өнері шетелде жоғары бағаланады

  • 183
  • UPD: 20:38, 01.08.2019

Қазақстандық суретшілер қолдауға зәру. Бүгінде еліміздегі 1 мыңнан аса қылқалам шебері суретшілер одағына мүше.

Бірақ өнердің бұл саласы кенжелеп тұр. Өйткені мемлекет тарапынан ескерусіз қалған. Сол себепті туындыларын шетелдегі галереяларға қоя алмай отырғандар қаншама. 

Әбілхан Қастеевтің ізбасарлары қазақ сурет өнерінің шырағын сөндірмей келеді. Қылқалам шеберлерінің туындылары саф өнерді құрметтейтін шаңырақтардың төрінде ілулі тұр. Бірақ бәрінде емес. Ал шетелдегі көрермен үшін бұл туындылар тіпті құнды екен.

Гүлмарал Тәттібаева, суретші:

- Біздің мәдениетімізді жоғары бағалайды ол жақта. Басқа елдермен шатастырып алады. Қазақстанды білмейді екен халық. Сондықтан біз мәдениетімізді танытуымыз керек. Көрмелерге шығуымыз керек, шетелдерге. Оларды бізге шақыру керек. Бізде өте көп жақсы дарынды суретшілер бар.

Гүлмарал Тәттібаева қазір Қытайда өтетін халықаралық биенналеге дайындалып жатыр. Суретші көптеген әріптестері үшін мұндай мүмкіндік туа бермейтінін айтады. Себебі қолдаудан кенде. Бірін қаржы қысып, енді біріне құжат жағы қолбайлау. Елордадағы суретшілер одағында да бұл мәселе өзекті.

Өмірәлі Исмаилов, қалалық «Суретшілер одағы» ҚБ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы:

- Сурет жағы шамалы ұмытылып бара жатыр. Қолдау жағы шамалы қиындау болып кетті. Әкімшілікке де, министрлікке де барып, еңбек етіп жүрдік. Бағдарламалар дайындап жатырмыз. Күшті-күшті бағдарламалар жасап. Бірақ кейінгі кезде ол бағдарламалар тоқтап қалып жатыр. Арнайы қаражат қарастырылмаған.

Валерий Пирожков өмірінің 50 жылын сурет өнеріне арнады. Мүсінге де жан бітіреді. Суретшінің туындыларында өмірдің қысылтаяң сәттері мен қатігездіктерге қарсылық көрініс тапқан. Қылқалам шеберін жастардың еркі, тың көзқарасы қызықтырады. «Тек бұлақтың көзін ашуды ұмытпайық» дейді ол.

Валерий Пирожков, суретші, мүсінші:

- Өзге мемлекеттерде суретшілерге ерекше көңіл бөлінеді. Туындыларының сатылуына дейін көмектеседі. Мемлекеттік тапсырыстар да түсіп жатады. Бізде де тым болмаса жастарға қолдау көрсетілсе деймін. Елімізде ерекше көзқарастағы жас суретшілер көп. Өнерін бизнеске айналдыруға тырысып жатқандар бар. Бірақ шығармашылық ақсап қалады ғой. 

Елімізде сурет өнерін жанына серік еткендер көп. Мыңнан астамы Қазақстан суретшілер одағына мүше. Заман көшінен қалмай, түрлі технологияларды пайдалану, шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасу, үздіксіз білім алу суретшілер үшін маңызды. 

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Сұлулық пен шындық үйлескен бұл картиналардың шоқтығы биік. Қазақстандық суретшілердің туындылары шетелде сұранысқа ие. Алайда, мына галереядағы мыңдаған картиналар өз иелерін таба алмай отыр. Себебі елімізде сурет өнерін бағалаушылар кем.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Жандос Битабаров, Айбын Құсанбеков

Хабар 24 телеарнасы