387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Nur-Sultan Music Awards - 2019» фестивалінің толық нұсқасы «Хабар» арнасынан көрсетіледі

  • 270
  • UPD: 23:40, 21.08.2019

Елордадағы «Барыс-Арена» мұз сарайында «Nur-Sultan Music Awards - 2019» халықаралық музыка фестивалі өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұзын ырғасы он елден келген әртістер бес мыңнан аса көрермен алдында жанды дауыста өнер көрсетті. Осымен үшінші мәрте ұйымдастырылып отырған айтулы фестивальдің биылғы ерекшелігі неде?

Елорда сахнасында Грузия, Франция, Италия, Латвия, Әзербайжан, Өзбекстан, Украина, Ресей және өз еліміздің музыка әлемінде көш бастап тұрған әртістер өнер көрсетті.

Нәрима Мұхамбеталина, қалалық мәдениет және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Бұл шара үшінші рет өтіп жатыр. Ерекшелігі, жылдан жылға қатысушылардың саны да жасы да өзгеріп жатыр. Сахнаға жаңадан шығып жатқан әртістеріміз де бар.

Фестивальде Григорий Лепс, LOBODA, Raim & Artur, Лолита, Ержан Максим, Дима Билан, Время и Стекло, Шахзода сынды бірқатар әртістер өздерінің үздік хиттерін орындады.

Григорий Лепс, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, композитор:

– Керемет кештің куәсі болдым. Барлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Жас өнерпаздарды көріп көзім тойды. Алдағы уақытта кейбір қазақстандық жас әншілермен дуэт те болып қалуы мүмкін.

Атағы алты қырдан асқан Григорий Лепс, Дима Биландар өнер көрсеткен соң, сахнаға өзіміздің Ержан Максим шықты.

Ержан Максим, әнші:

– Фестиваль өте керемет өтіп жатыр. Осы жаңа ғана «Голос Детиде» айтқан әнімді айттым.

Ержан Максим мұқым Қазақ елінің атынан алдағы уақытта «Евровидениеге» қатыспақ. Айтулы шараға қазір қызу дайындық үстінде.

Гүлмира Әлібек, Е.Максимнің анасы:

– Ержан қазір вокал жағынан өзі дайындалып жүр. Әнімізді күтудеміз. «Евровидениеге» жаңа ән керек. Сондықтан сол жаңа әнді күтудеміз.

Ән айтып болған соң әншілер бірден марапатталды. Атап өтейік, дәстүрлі фестивальдің ақпараттық демеушісі – «Хабар» агенттігі. Сондықтан алдағы мереке күндерінде елорда төрінде өткен осынау халықаралық ән додасының толық нұсқасы «Хабар» телеарнасынан көрсетілмек.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Ермек Кеншімбек

Хабар 24 телеарнасы