386,67 424,50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандық бренд «International Jewellery London 2019» көрмесіне қатысты

  • 107
  • UPD: 09:51, 04.09.2019

Қазақстандық бренд «International Jewellery London 2019» атты зергерлік бұйымдардың халықаралық көрмесіне қатысты.

Авторлық дизайнмен жасалған ұлттық нақыштағы әшекейлер жергілікті халық пен әлемнің түкпір-түкпірінен келген сатып алушылардың қызығушылығын туғызды.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

– Зергерлік бұйымдардың халықаралық көрмесі алпыс жылдан астам уақыттан бері өткізіліп келеді. Биыл әлемнің қырық үш елінен келген бес жүзден астам комапания өз өнімдерін ұсынып жатыр. Мұнда әйгілі әлемдік брендттерден бөлек, енді танылып келе жатқан зергерлер мен дизайнерлердің еңбектері де қойылған. Көрме сөрелерінен алтын мен платинадан, күміс пен асыл тастардан жасалған әшекей бұйымдарды көруге болады.

Шара бірінші кезекте импорттаушы және экспорттаушыларға, сондай-ақ бөлшек және көтерме саудамен айналысатындарға қызық. Көрменің бір бөлігі зергерлік бұйымдардың дизайнын жасау барысында жоғары технологиялар пайдалану тақырыбына арналып отыр.

Хелен Клиффорд, зергерлік бұйымдар халықаралық көрмесі маркетинг бөлімінің басшысы:

– Шынында да зергерлік бұйымдар халықаралық көрмесі – жаңа байланыстар орнатып, сауда жасауға арналған таптырмас алаң. Осы индустрияға маманданған кәсіпкерлер бизнесін ілгерілетіп, жаңа сапалық деңгейге көтеріле алады.

Қазақстандық зергерлік компания әлемді мәдениетімізбен және ұлттық құндылықтарымызбен таныстыруды мақсат етіпті. Шетелдік сатып алушылар тарапынан қызығушылық бар. Бүгінде Еуропа және Солтүстік Америка елдерінен сұраныс пайда болып отыр екен.

Мукеш Пател, сатып алушы:

– Меніңше, қазақстандық зергерлік әшекейлер өте сирек кездесетін көшпенділерге тән дизайнымен ерекшеленеді. Бұл – нарық үшін жаңа дүние.

Алма Тұрарқызы, компания өкілі:

– Біздің өнімдердің өзгелерден айырмашылығы – бітімі бөлек дизайнында. Екіншіден, өнімдер қолмен өңделеді.

Зергерлік әшекейлерді алғашқы болып экспортқа шығарған отандық өнім өндіруші он жылға жуық уақыт бойы серпінді дамып келеді. Еуропа нарығын зерделеп, серіктестер тапқаннан кейін франшизамен әлем бойынша дүкендер желісін ашу жоспарда бар, дейді компания өкілдері.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы