386,71 427,30 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шотландияда қазақ ұлттық музыкасының кеші өтті

  • 125
  • UPD: 09:20, 08.09.2019

Шотландияда қазақ ұлттық музыкасының кеші болып өтті. Жергілікті халық домбыраның, қобыздың және жетігенінің үнін естіп, тәнті болды.

Сахнада Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы жанындағы Атырау музыкалық колледжінің шығармашылық ұжымы өнер көрсетті. 

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Шотландиялықтар үшін ұлттық музыка өте маңызды. Ол ел символдарының бірі, әрі есте мәңгі қалатын, бірегей дәстүр саналады. Сондықтан да болар әдетте сезімдерін жасырып, эмоцияға берілмейтін жергілікті халық қазақтың ұлы композиторлары Құрманғазы мен Динаның күйлерінен кейін ерекше әсерге бөленді. 

Көрермендердің көпшілігі қазақ мәдениеті туралы бұрын-соңды естімеген. Бүгінгі кеште ұлы дала әуендері олар үшін үлкен жаңалық болды. Болмысы бөлек, батыстық мәдениеттің ықпалынан ада музыка шотландиялықтарды таң қалдырды. Студенттердің орындауындағы ұлттық аспаптар оркестрі, камералық хор және жетіген ансамблі көрермендердің көңілін баурап алды. 

Ер кісі /аударма/:

- Көз алдымыздан жылқылар шауып өткендей әсерге бөлендік. Әдемі табиғат көріністерін елестеттік. Бастапқыда қайда келгенімізді түсінбедік. Бірақ кейін рахатқа бөлендік. 

Ер кісі /аударма/:

- Таңқаларлық концерт, тамаша музыкалық талант, адам сенгісіз дүние. Мен негізі джазға қызығам және маған қатты ұнады. Музыкалық аспаптар біз үшін таңсық. Қос ішекті домбыраның өзі не тұрады?! 

Концерт бір жарым ғасырға жуық тарихы бар Абердин қаласының «Тиволи» театрында өтті. Жас шығармашылық ұжымның Шотландияға келуіне Атырау облысының әкімшілігі және Қазақстанның

Ұлыбританиядағы елшілігі қолдау білдірді. Жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. 

Гүлнар Сәдуақасова, музыкалық колледж директоры:

- Көрерменнің ыстық ықыласынан біз көрдік қаншалықты біздің концертімізді сүйсініп қарады. Концерттік бағдарламамыздың халыққа сондай ұнағанын біз көріп, қатты риза болып отырмыз. Көрерменге мың алғыс. Рахмет. 

Кештен кейін шотландиялықтар өнерлі жастарды ұзақ уақытқа дейін жібергісі келмеді. Кейбірі келесі концерт қашан болатынын сұраумен болды. Көпшіліктің өтініші бойынша өнер ұжымы Құрманғазының «Балбырауынын» тағы да орындап берді.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы