388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ұлыбританиядағы қазақ отбасылары балаларының ана тілін ұмытып бара жатқанына алаңдаулы

  • 245
  • UPD: 09:43, 25.09.2019

Ұлыбританиядағы қазақ диаспорасы өкілдерімен іскерлік қарым-қатынас орнайды.

«Отандастар» қорының өкілдері Тұманды Альбионда тұратын қандастарымызбен бизнес-форумда кездесіп, әріптестік құрудың мүмкіндіктерін қарастырды.

Кейбір мәліметтер бойынша, Біріккен корольдікте 50-дей қазақ отбасы тұрады. Көпшілігі – қым-қуыт заманда тағдырдың тәлкегіне ұшырап, Алтай өңірінен Түркияға, одан соң Ұлыбританияға көшіп келгендер. Мұндағы қазақтар Тәуелсіздік күні, Наурыз, Айт сияқты мерекелерде бас қосып тұрады. Өзге ұлтпен емес, өз қазағымен құда-жекжат болуға тырысады. Бірақ өкінішке орай барлығына ортақ мәселе – қазақ тілі. Аға буын өзара қазақша сөйлескенімен, ұл-қыздары түрікше және ағылшын тіліне жүйрік.

Исмаил Кесижи, диаспора өкілі:

– Мәдениетімізді сақтап келе жатырмыз. Ең үлкен мәселе – тіл. Үшінші буын үйлерінде қазақ тілінде сөйлемейді. Соны қайта жаңғырту керек. Осылай жалғаса берсе, Еуропадағы қазақтардың ортақ тілі түрік тілі болып кетеді.

«Отандастар» қоры өкілдерінің айтуынша, қазақ тілін оқыту бойынша шетелдерде білім инфрақұрылымы жасақталатын болады. Яғни алыстан оқытатын интерактивті сыныптар ашылып, мобильді қосымшалар жасалмақ. Форумда сондай-ақ әлем бойынша іскерлік үйлер мен мәдени орталықтар желісін құрып, оны қазақ мәдени-іскерлік үйі шаңырағы астына біріктіру мәселесі көтерілді. Қандастарымыздың бизнес-бастамалары ынталандырылып, тың идеяларын қолдайды.

Мағауия Сарбасов, «Отандастар» қорының вице-президенті:

– Қазіргі кезде «Отандастар» қоры еліміздегі қаржы институттарымен қоян-қолтық жұмыс істеп жатыр. Оның барлығы шетелдегі бауырларымызды қолдауға бағытталған.

Лондондағы бизнес-форум – Мюнхен, Сан-Франциско және Ыстамбұл қалаларындағы кездесулерден кейінгі төртінші іс-шара. Келесі кезекте – Стокгольм. Ал қараша айында Түркістан қаласында өтетін отандастардың бірінші форумы шартараптағы қазақтардың басын қоспақ.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы