384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде «Кітапхана түні» шарасы ұйымдастырылды

  • 344
  • UPD: 19:23, 16.10.2019
Ақтөбеде «Кітапхана түні» шарасы ұйымдастырылды

Ақтөбеде кітапсүйер қауым үшін ерекше мәдени шара өтті. Алғаш рет «Кітапхана түні» ұйымдастырылып, жаңа әдебиеттер қалың оқырманға таныстырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірнеше тақырып бойынша өткен шара екі мыңға жуық қатысушының назарын аударды. Балалар мен ересектерге арналған поэзия кеші, байқаулар, ақын-жазушылармен кездесу жоғары деңгейде өтті.

«Кітапхана түні» – кітап оқуға қолдау көрсету мақсатындағы әлеуметтік-мәдени шара. Бұл түні әдеттегі жұмыс уақытынан тыс мезгілде келген оқырманға мол ақпарат берілді. Қалаған кітаптары ұсынылып, тың туындылар таныстырылды. «Мұндағы мақсат – оқуды насихаттау», - дейді ұйымдастырушылар.

Маржан Қорғанбаева, Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақтөбе облыстық хатшылығының меңгерушісі:

- Кітапханаға оқырмандарды тарту мақсатында әртүрлі формалар қаралып келе жатыр. Соның ішінде коворкинг орталығында да ашылуы біздің оқырмандарға үлкен сый болған. Ал бүгінгі түн бірінші рет кітапхана оқырмандарының, кітапсүйер қауымның, әдебиетсүйер қауымның түнде келетін мүмкіндік алуы алғаш рет болып отыр. Сондықтан бұл мәдениет саласындағы ерекше жаңалық деп есептеймін.

Шара барысында жаңа туындылар таныстырылуымен қатар Ақтөбенің 150 жылдығына арналған кітап көрмесі де өтті. Поэзия кеші өлеңге құштар жастардың басын қосса, аңыз-әңгімелер мен әдебиет кейіпкерлері де қатысушыларды еліктірді. Ал, жергілікті ақын жазушылармен кездесу-салихалы сұхбатқа айналды. Кітап оқудың рухани байлыққа кенелтетіні кеңінен айтылды.

Қанат Раисов, оқырман:

- Менің ойымша, қазақтың бар байлығы мен құндылығы сол кітапта орналасқан. Ал, жалпы «Кешкі кітапхана» акциялары осылай үнемі жүргізіліп тұрса игі. Себебі жастарға керек. Ақпаратты телефоннан алғаннан гөрі кітаптан алған өте зор. Себебі кітапта өте-өте байлық көп, құндылық көп.

«Кітапхана түніне» келушілер өңірдің үздік жас кітапханашысын анықтаудың куәсі болды. Сегіз үміткер қатысқан облыстық байқау осыдан бірнеше ай бұрын жарияланған болатын. Нәтижесінде балалар кітапханасының қызметкері бірінші орынды иеленді.

Наташа Нұркешева, кітапханашы:

- Жаңа технологияның даму барысында кітапты оқу төмендегендей болды. Бірақ әлі де кітапханамызға келіп жүрген тұрақты оқырмандарымыз бар. Жас буын балғындарымыз мектепке оқу барысында кітапханаға келіп дайындалады.

«Рухани жаңғыру» аясындағы шара, Сақтаған Бәйішев атындағы кітапханада өтті. Енді дәстүрге айналдыру жоспарланып отыр. «Себебі, кітапсүйер қауымның қызығушылығы бар», - дейді ұйымдастырушылар.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айбек Даутов

Хабар 24 телеарнасы