384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде тұтас түркі әлемі үшін теңдесі жоқ жәдігер табылды

  • 1414
  • UPD: 23:38, 16.10.2019

Елімізде тек қазақ халқы үшін емес, тұтас түркі әлемі үшін теңдесі жоқ жәдігер табылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алматы қаласының тұрғыны Анаргүл Әмір екі басты самұрық құс бейнелеген Алтын Орданың туын жариялады. Тумен бірге сол дәуірге тән көйлек тапқан. Бұл жәдігерлер түпнұсқа ма? Солай болса, бірнеше ғасыр бойы қалай сақталған?

Құнды жәдігер ұзақ жылдар бойы қойдың қарнына сақталып келген екен. Иә, әже-апаларымыз кәдімгі сарымай сақтаған қарын. 2017 жылы Анаргүл Әмір қарынды ашып, ішінде баға жетпес байлық жатқанын түсінеді. Қазақстандық және ресейлік тарихшылар да, бұл Алтын Орданың штандарты деген тоқтамға келеді. Содан соң ту музейге тапсырылған. Ондағы мамандар «жәдігерді өңдейміз» деп уәде берген екен. Алайда күні бүгінге дейін атқарылған іс жоқ. Осыған көңілі құлазыған Анаргүл Әмір жәдігерді кері қайтарып алыпты.

Анаргүл Әмір, құнды жәдігер иесі:

Бұл жалау ата-бабамнан ұрпаққа беріліп келе жатқан мұра. Соңғы атам Мырзағали, оның алдындағы атам Әмір, әкем сақтаған. Әкем көзін жұмғаннан кейін мен кірістім. Менің ойымша, Елбасы білуі керек, Қазақстанда Алтын Орданың жалауы бар екенін.

Жәдігерді мамандарға көрсеттік. Қазақ оюларының білгірі Ерлан Қожабаев таңданысын жасыра алмады. «Сөзсіз түпнұсқа», дейді. Екі басты самұрық құс Алтын Орданың хандары Жәнібек пен Өзбек хан шығарған теңгеде бейнеленген. Оған дейін Селжүк түріктерінің елтаңбасы болған. «Ал түптамыры сонау Сақ дәуірінен басталады», - дейді маман.

Ерлан Қожабаев, «Қазақ оюлары» кітабының авторы:

- Бұл XI ғасырдағы Селжүктердің штандартына өте ұқсайды. Құстың басы да мына жерде дәл сондай. Одан кейін мұрны да, құлағы да сондай. Бек Ибраев айтқан, бұл – самұры құс. Өйткені самұрық құста құлағы бар. Әрине, Алтын Орда мен Селжүктердің байланысы бар. Өйткені ата-бабалары бір ғой. Бәрі де түрк.

Танымал зергер Айжан Әбдубаитова ту бөлшегінің табылуын рухани өміріміздегі сенсацияға балап отыр. Жібектен тоқылған штандарт Алтын Орданың 750 жылдығы қарсаңында талай зерттеуге арқау болатыны анық.

Айжан Әбдубаитова, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, зергер:

- Бұрынғы кездегі бұйымдарда жалпы симметрия қолданылған деген есеппен алатын болсақ, мынау кәдімгідей жартысындайы сақталған. Демек, осы жартысына қарай екінші жақтарын, қалған жұрнақтарын зерттеп, шама-шарқынша қалпына келтіруге болатын сияқты.

Алтын Орданың туын консервациялау мен қайта қалпына келтіру уақыт күттірмейтін іс. Әйтпесе, ғасырлар бойы қарында сақталып келген мұра ауаға шыққан соң үгіліп, жоқ болып кетеді. «Реставрацияға жауапты мемлекеттік мекемелер, не болмаса меценаттар атсалыспаса, өзімнің шамам жетпейді», - дейді жәдігердің иесі Анаргүл Әмір.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Эдуард Кон, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы