384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Лондонда Абай атындағы театрдың дебюттік концерті аншлагпен өтті

  • 163
  • UPD: 15:25, 20.11.2019

Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры Тұманды Альбионда тұңғыш рет өнер көрсетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Концерт Лондон орталығындағы «Колизей» театрында өтіп, залда ине шаншар орын болмады. Өнер ұжымы «Шопениана» және «Шахерезада» атты бір актілі классикалық шығармаларын ұсынды.

«Шопениана» – сюжеттік желісі жоқ туынды. Көрермен жас ақынның қиял-ғажайыптарға толы әлеміне саяхат жасайды. «Шахерезада» болса, «Мың бір түн» ертегісінің желісімен жасалған махаббат пен ғадауатқа толы дүние. «Соны формалар мен стильдерге толы қос балетті британиялық көрерменге жаңаша жеткізу мақсат болды», дейді орындаушылар.

Гүлжан Түткібаева, бас балетмейстер:

Толқу сезімі өте күшті. Оның үстіне, шынымен де, бұл спектакльдер бүкіл әлем бойынша жүріп жатыр. Орындаушылары да әртүрлі. Әрине, үлкен жауапкершілік. Бірақ біз театрымыз тарих пен дәстүрге бай екендігін, біз де мұндай спектакльдерді қоя алатынымызды көрсеткіміз келді. Билеп қана қоймай, оны өзіндік қолтаңбамызбен әрлей алатындығымызды айқындағымыз келді.

Мәлика Елшібаева, театр солисі:

Қошеметке қарап, көрермен риза болды деуге негіз бар. Демек, біз өз жұмысымызды ойдағыдай орындадық. Педагогтарымыздың, басшылықтың, театрымыздың және мемлекетіміздің үмітін ақтадық.

Жалпы «Колизей» – Лондонның батысында орналасқан опера және балет спектакльдеріне арналған ең ірі театрлардың бірі. Ол екі жарым мыңға жуық көрерменді сыйғыза алады. Бүгін залға халық лық толды. Араларында британиялық саяси және бизнес-истеблишмент, дипломатиялық корпус өкілдері және беделді өнертанушылар бар.

Трэвор Кэмпбел дэвис, көрермен:

- Мен қойылымдарға өте тәнті болдым. Меніңше, бұл Қазақстанның байырғы балетінің Лондонға тұңғыш сапары. Көптеген жылы пікірлерді тыңдай отырып, концерттің жоғары деңгейде өткенін ауыз толтырып айтуға болады.

Айта кету керек, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры биыл 85-ші мерейтойлық маусымын өткізіп жатыр. Оның Лондондағы гастролі Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігінің, сондай-ақ еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Жастар жылы және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы