386,20 429,31 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда халықаралық студенттік кинофестиваль басталды

  • 76
  • UPD: 22:52, 04.12.2019

Алматыда VIII Халықаралық «Бастау» студенттік және дебюттік фильмдер фестивалі басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дәстүрлі шарада жас киномамандар өздерінің тырнақалды туындысын таныстырып қана қоймай, кәсіби кинематографистердің шеберлік сабақтарына қатысып, тәжірибе алмасады.

Халықаралық фестиваль қазақстандық режиссер Шәрипа Оразбаеваның «Мәриям» картинасымен басталды. Биыл байқауға қатысуға әлемнің 44 елінен 300-ден аса өтініш  түскен. Фестивальдің арт-директоры Диана Ашимованың айтуынша, байқаудың биылғы бағдарламасы да өзгеше. Бұл жолы жас киномамандар өздерінің дебюттік толықметражды фильмдерін қазылар алқасының назарына ұсынады. «Бұл – жастар үшін үлкен мүмкіндік», – дейді ұйымдастырушылар. 

Сергей Әзімов, «Бастау» кинофестивалінің президенті:

– Фестивальдің негізгі мақсаты – осы жастарға көмектесу ғой. Себебі, дарынды жігіттер , дарынды қыздар көп. Бірақ та оларды әділ бағалау кемшін. Оларға жәрдем ету, көмектесу, жалпы дарынды жігіттерге, қыздарға назар аудару, фестивальдің негізгі мәселесі осы.

Фестиваль бағдарламасы бойынша қазылар алқасы қысқаметражды картиналарды да сарапқа салады. Қатысушыларға шығармашылық еркіндік берілген. Фестивальдің биылғы тақырыбы «Жаңа буын киносы» деп аталуы да сондықтан.

Игорь Сукманов, «Бастау» ХКФ қазылар алқасының мүшесі:

– Қазылардың міндеті – кинотундылардың ішінен үздіктерді анықтау әрине, оған қатысушыларды қолдау, көтеру. Жаңа толқынның кинематографияда өз қолтаңбасын қалыптастыруына мүмкіндік беру.  

Қазылар алқасының құрамына ресейлік режиссер Михаил Сегал, испандық  киносыншы Роберто Куэто, француздық продюсер Дени Васлин, ресейлік актриса Нелли Уварова және қазақстандық актер, продюсер  Фархат Абдраимов сынды кәсіби мамандар кірген. Алматылық көрермендер 5 күн бойы түрлі жанрдағы 80-нен аса картинаны тамашалай алады.

Авторлары: Гүлжан Көланқызы, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы