427,93 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Грузияда қазақ мейрамханасы ашылды

  • 796
  • UPD: 11:54, 30.12.2019

Тбилисиде қазақтың ұлттық тағамдарын ұсынатын мейрамхана ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Грузияда тұратын Қазақстан азаматтары бұл жаңалықты қуана қабылдап, әлеуметтік желілерде бөлісіп жатыр. Олар бұл мекен жырақта жүрген жерлестер бас қосатын орынға айналды деп жазуда.

Тбилисиде көптеген ұлт пен дін өкілдері тұрады. Отанынан алыста болғандықтан, ұлттық тағамдарының дәмін сағынатыны түсінікті. Қалада италиялық, украиналық және өзбек дәмханалары бар. Ал жақында қазақ мейрамханасы да ашылды. Айта кетер бір жайт, онда аспазшы болып грузин әйелі жұмысы істейді.

Нино Куркунули, аспазшы:

– Түрлі дәмханаларда істедім, ливандық, украиналық, грузиялық. Қазақ мейрамханасы ашылатынын естіп, осында жұмысқа орналасуға келдім. Жаңа тағамдарды танып білуді ұнатамын. Осында мені қазақ аспазшы үйретті. Бұл Грузия тағамдарынан ерекше: қой мен жылқы еті, жалпы көп мөлшерде ет пен пияз салады. Маған ұнайды.  

Мейрамхананы Қазақстаннан келген үш жас адам ашты. Ұлттық тағамдарының дәмін сағынғандықтан, осындай қадамға барғанын айтады. Грузияда кездеспейтін өнімді, мысалы жылқы етін отанынан әкеледі.

Еркеш Баймұхамбет, қазақ мейрамханасының иесі:

– Бұл дәмхананы ең алдымен Грузияда тұратын қазақтар үшін аштық. Олардан басқа жаңа тағамдарға қызыққан жергілікті тұрғындар көптеп келеді. Оларға қазақша ет пен бауырсақтар өте ұнайды. Мантыны өздерінің ұлттық тағамы - хинкалимен салыстырады. 

Ашылғанына екі-ақ ай өтсе де, мейрамхана табысты жұмыс істеп келеді. Ал Тәуелсіздік күнінде бұл жерде отандастарымыз бас қосты.

Айгүл Қойшыманова, Тбилиси тұрғыны:

– Тбилисиде тұратын қазақтардың желіде өз тобы бар, осылай жаңа мейрамхана ашылғанын білдік. Тәуелсіздік күнінде осында кездесуді шештік. Адам көп болды, барлығы балаларын ертіп келді. Осылай мейрамды атап өттік. Болашақта да осында жиналып, өзара араласамыз деп ұйғардық.

Мейрамхана әкімшілігі ұмытылып кеткен тағамдарды қайта жаңғыртып, өзіндік ас мәзірін кеңейтуді көздеп отыр.

Авторлары: Юлия Тужилкина

Хабар 24 телеарнасы