425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Сириядағы Бейбарыс сұлтанның кешенінде 77 мыңдай қолжазба сақталған

  • 963
  • UPD: 23:33, 20.01.2020

Дамаскідегі Бейбарыс сұлтанның кесенесінде ұлы дала халықтары мен қыпшақтардың өмір салты жайлы 77 мыңдай жазба сақталған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сирияға арнайы сапармен барған «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының мүшелері Сұлтан Бейбарыстың кешеніне зиярат етіп, жай-күйімен танысты.

Сондай-ақ өздерін даңқты қолбасшының тікелей ұрпағы санайтын Сирия азаматтарымен кездесті.

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

- Араб әлемінде жеңістің әкесі атанған бабамыз Бейбарыс сұлтанның кесенесі дәл қазір біз тұрған Дамаск қаласының жүрегінде орналасқан. Яғни, ескі шаһардың ішінде. Кешенде Бейбарыс сұлтанның өзімен қатар үлкен ұлы Әз Саид Берке ханның қабірі бар. Киелі мекен жүздеген жылдар бойы медресе, кітапхана ретінде жұмыс істеді. Ал 2009 жылы Қазақстан үкіметінің қолдауымен күрделі жөндеуден өтті. Ішіне заманауи кітапхана мен оқу залдары жасақталды. Алайда, Сириядағы тұрақсыздыққа байланысты 10 жылдан бері көпшілік игілігіне берілмей келеді.

Мофақ Доғман, тарихи ескерткіштерді зерттеуші:

- Қазір мұнда ең маңызды деген кітаптардың қысқаша түсініктемесі жазылған 77 мыңдай жинақ бар. Бұған дейін осында сақталып келген 11 мыңдай қолжазба қазір елдің ұлттық кітапханасына көшірілді. Олардың көбісі Таяу Шығысты сұлтан Бейбарыс басқарып тұрған тұста жазылған. Арасында сұлтанның жеке мөрі басылған құжаттар да кездеседі. Ол маңына оқымыстыларды жинап, дүние мен дін саласында ғылыми еңбектердің жазылуына үлкен үлес қосқан.

Даңқты бабамыздың кесенесі әлемде ең қасиетті жердің бірі – Омеяд мешітіне іргелес салынған. Тарихи деректерге қарағанда 1260 жылдары моңғол әскері Дамаскіні басып алып, зәулім мешіттің жұмысын тоқтатты. Тек мамлюктер келіп, Шам елін моңғолдардан азат еткеннен кейін ғана қасиетті мекен мешіт ретінде қайта қолданыла бастады. Шыңғыс хан ұрпағы Хулагудың шабуылынан тас-талқаны шыққан көне қамал да Сұлтан Бейбарыстың қалауы бойынша жөндеуден өткен.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының жетекшісі:

Ол кісі қайтадан өзгертеді. Кейбір жарларын қосады. Қамалдарды өзгертеді анау атқан уақытында үстінде тұратын. Менің сол жағымда үлкен канал тұр, сол кездегі ескі цитадель дейді, соны қоршап, канал салған. Сұлтан Бейбарыс кеткеннен кейін мұны реконструкция жасаған Сұлтан Қалауын, ол да үлкен жұмыстар жасады. Мұны кеңейтті, қайтадан орнына келтірді. Ал одан кейін Сұлтан Хайыль. Ол да үлкен жұмыстар жасаған. Сондықтан бұл қамалдың мағынасы өте күшті.

Бабаларымыздың әлем өркениеті мен араб мәдениетінің дамуына қосқан үлесін жергілікті жұрт жадынан шығармаған. Керісінше, ұлы тұлғалардың ерлігі мен еңбегін мәңгі есте сақтау үшін мектептер мен көшелер солардың атымен аталады.

Сүлейман Зайдеһ, Әл-Фараби атындағы мәдени тарихи орталықтың меңгерушісі:

- Бұл – Айн-Жалут атындағы мектеп. Яғни, ол Сұлтан Бейбарыстың моңғолдарға ойсырата соққы берген жері. Сондай-ақ мұнда Сұлтан Бейбарыс пен Әл-Фарабидің атына берілген бірнеше көше мен мектеп бар.

Сапар барысында экспедиция мүшелері Сұлтан Бейбарыстың тікелей ұрпақтарымен кездесті. Бейбарыс тегін алған әулеттің  кіші ұлы даңқты бабамыз туралы ғылыми дессертация қорғаған. Айтуынша, сұлтан Бейбарыстың бүгінгі қазақ даласынан шықаннына ешқандай дау жоқ.

Мұхаммед Бадия Бейбарыс, сұлтан Бейбарыстың ұрпағы:

Ата-бабамыз бағзы заманнан Дамаскіде тұрған. Отбасымыздың мұрасына айналған шежіре ағашындағы деректерге қарағанда, біз Бейбарыс сұлтанның тікелей ұрпағымыз. Оның үстіне тегімізде сол кісінің есімі. Бүгінде Бейбарыс тегін алып жүрген адамдарды Иордания, Мысыр елдерінде жүздеп кездеседі. Бірақ ең негізгі тікелей ұрпағы біз деп ойлаймын.

Бабаларымыздың кесенесін зиярат етіп келген экспедиция мүшелерін Сирияның Мәдениет министрі қабылдады. Кездесу барысында XXI ғасыр жиһангезі атанған Сапар Ысқақов екі елді жақындастыратын тарихи мәдени мұралар туралы сөз қозғап, министрге VI ғасырда қолданылған қобыздың көшірмесін сыйға тартты. Сондай-ақ бабалырымыздың қабіріне салынған кесененің мәдени маңыздылығын арттыра түсу жайын талқылады. Осылайша, «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының Сирияға жасаған сапары өз мәресіне жетті.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Самат Бекбатыров

Хабар 24 телеарнасы