411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағандыда «Жас Абай» спектаклінің тұсаукесері өтті

  • 299
  • UPD: 14:58, 06.03.2020

Қарағандыдағы Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында «Жас Абай» спектаклінің тұсаукесері өтті. Қойылымда «Абай жолы» эпопеясының 1-томы суреттеледі. Актерлер бала Абайдың ел билеу ісіне араласу, қалыптасу кезеңін шебер ойнап шықты. Премьераны біздің түсіру тобымыз да тамашалап қайтты.

Қоюшы режиссер Нұрлан Жұманиязовтың айтуынша, елімізде һакімнің толысқан, дана кезін баяндайтын қойылымдар көп. Ал Абайдың жас шағын көрсететін спектакльдер жоқтың қасы. Драмада Абайдың алғаш рет ел билігіне араласуы, азамат болып қалыптасу кезеңі суреттеледі. Сондай-ақ Құнанбай мен Бөжейдің тартысы, одан туған дау-дамайға қатысты бала Абайдың өрелі сөз айтуы баяндалады.

Нұрлан Жұманиязов, қоюшы режиссер:

- Жастардың толғанысын, жастардың келіспеушілігін және жастар не қалайтынын, тығырықтан қалай шығу жолдары бар екенін біз Абайдың үлгісімен қарағымыз келді. Абайдың толғанысы, Абайдың өте қатты өзінің ұлтын, қазағын, елін сүюімен қатар, надандыққа қарсы өзінің толғаныстарын, өкініштерін білдіруі осы шығармада толығымен айтылады деп ойлаймын.    

Жас Абайдың ролін Сәкен Сейфуллин театрының талантты актері Ахай Жұмамұратов шебер сомдап шықты. Данышпан тұлғаның болмысын ашу оңай болмады дейді ол. Әсіресе Қодар мен Қамқаның өлімін көргендегі Абайдың жан күйзелісін жеткізу қиынға соққан. 

Ахай Жұмамұратов, актер:

- Абайдың үлкен данышпан кезі емес бұл. Бұл жерде Абайдың жас кезі, бала кезі. Семейден енді ғана мектептен келіп, енді ғана әкесінің қасына келіп, ел билеу ісіне араласқан кезі. Сондықтан жас мөлшері жағынан сондай қиындық туған жоқ. Бірақ абайдың ойлау қабілеті өзгеше болғандықтан оңайға тиген жоқ. 

Сәкен Сейфуллин театрының актерлері премьераға бір ай дайындалған. Сахналық киім үлгісі, музыка мен декорация, актерлер шеберлігі бәрі үйлесіп тұрды. Сондықтан болар көрермендер қойылымды екі сағат тапжылмай тамашалады.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин

Хабар 24 телеарнасы