431,82 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Баянауылдағы ғажайып тасқа «Таностың қолы» деген атау ұсынылды

  • 224
  • UPD: 20:47, 11.09.2020

Баянауыл ауданында тағы бір табиғи ескерткіш және туристік бағыт пайда болуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол аудан орталығынан 70 шақырымда жатыр. Бұған дейін «Әулиетас» аталып келген биіктігі 30 метр жартасты бірнеше қырынан суретке түсірген экспедиция мүшелері таңғажайып оқиғаға тап болған. Сурет бір қырынан бүркітке, екінші қырынан шөгіп жатқан түйеге ұқсайды. Басқа қырынан жерден шығып тұрған адамның қолын көруге болады. Мұны көпшілік «Шексіздік қолғабы», яғни анимациялық фильмдердегі кейіпкер Таностың қолына ұқсатқан. Ғажайып суретті бірінші болып жас ғалым Мұрабек Омаров түсірген. Ол Баянауыл ауданында туып-өскен. Көнекөз қариялардан жеткен аңызға сүйенсек, бұл тастың көне атауы «Әулиетас» екен. Ертеде жартастың басында су атқылап тұрған.

Мұрабек Омаров, география магистрі:

– Негізінде бұл тастың жергілікті атауы – «Әулиетас» немесе «Қойтас». Аңыз бойынша бұл тастың басында бұрқақ болған, айналасына су келіп тұрған. «Маңы жайқалып, үстінде үнемі кемпірқосақ тұратын», – делінеді. Кейін иесі бұл жерлерді тартып алатынына алаңдап, тас мүсіншілерін арнайы жалдап, көзін, аузын бекітіп тастаған. Содан кейін ол бұрқақ тоқтап, айналасындағы су тартылып қалған.

Мұрабек Омаров өзінің суреттерін «QazaqGeoqraphy» қауымдастығына жіберіпті. Ерекше қызығушылыққа ие болған суретті «Таностың қолы» деп атауға ұсыныс білдіргендер табылып жатыр. Бұл жер Баянауылдың киелі картасына енген. Енді туристік бағыт ашу қалды. Өлкетанушылардың айтуынша, Баянауыл ауданында зерттелмеген жерлер әлі де жеткілікті.

Мұрабек Омаров, география магистрі:

– Осындай тастар біздің аймағымызда өте көп. Оларды әлі де зерттеп, туристерді шақыруға, қызықты да көрікті жерлерімізді көрсете білуіміз керек деп ойлаймын.

Дәл қазір бұл жаққа ондай маршруттар қарастырылмаған. Өйткені бұл аймақ Баянауыл ауданының орталығынан 70 шақырымдай жерде Жұмат Шанин ауылының маңындағы Қойтас елді мекеніне жақын орналасқан.

 

Хабар 24 телеарнасы