425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Тақиялы періштеде» басты рольді сомдаған актер «Хабар» Агенттігін құттықтады

  • 122
  • UPD: 23:00, 23.10.2020

«Тақиялы періште» көркем фильмінде Тайлақ ролін сомдаған Әлімғазы Райымбеков «Хабар» Агенттігінің ұжымын 25 жылдық мерейтойымен құттықтады. «Өйткені ең алғаш рет мені қалың елге танытқан қазақ кино өнерінің корифейі Шәкен Айманов болса, ұмытылып бара жатқан актерді іздеп тауып, көрерменмен қайта қауыштырған «Хабар» телеарнасы болатын. «Оны мен ешуақытта ұмытпаймын» дейді ақсақал.

Әлімғазы Райымбеков, актер:

– Бір күні Шәкен аға айтты: «1-2 қызды алып келеді» деді. «Сонда қазақ салтында, қазақ дәстүрінде қыз қалыңдық іздемейді ғой, ер азаматтар қалыңдық іздейді. Қымызды кім ішпейді, қызды кім сүймейді» дегендей әңгіме айтты. «Сол қыздарды қуып шығуың керек үйден!» деді. Содан жарайды деп келсем, үйде екі қыз отыр. Шешем айтып жатыр, мінеки мынау Тайлақ, Тайлақ келді деп.

Шәкен Аймановтың «Тақиялы періште» музыкалық комедиясы қанша рет қайталап көрсең де жалықтырмайтын кинокартина екені даусыз. Өткен ғасырдың 70-жылдарында қалыптасқан жастардың қыз-қырқынмен Тайлақ болып танысқаны да белгілі. Ал онда басты рольдерді сомдаған актерлар халықтың сүйіспеншілігіне бөленгенімен атақты режиссердің жұмбақ өлімінен кейін Әлімғазы Райымбековты көп ешкім елеп, ескере қоймады. Арада көп уақыт өткен соң оған іздеу салған Тілеуқабыл Мыңжасар ағамыз болатын. «Тақиялы періште» фильмін көрген сайын «Әлімғазы Райымбеков деген қандай адам? Біз неге оның тұрмыс-тіршілігі, отбасы жайлы ештеме білмейміз деп мен ойлаушы едім. Сөйтіп жүргенде ол кісінің ұлы мен менің ұлым әскерде азаматтық борышын бірге өтейтінін естіп, мекен-жайын алдым. Телеарнамыздың басшыларына хабарласып едім, олар тақырыпты бірден бекітіп берді дейді журналистика ардагері Тілеуқабыл Мыңжасар. 

Тілеуқабыл Мыңжасар, журналистика ардагері:

 – Сонымен мен ол кісіні іздеп, Алматы облысының Көксу ауданына келдім. Сөйтсек, фильмдегі сүрбойдақ өмірде 10 баланың әкесі және 14 немере мен 4 шөберенің атасы екен. Үлкен әулет екен. Сондай бір керемет, қуанышты жағдай болды. 

Әлімғазы Райымбеков, актер:

– Қазір құдайға тәубә, жолдасыммен қосылғалы алпыс үшінші жылға кетті. Он баламыз бар Алла берген. Бес ұл, бес қыз, 22 немерем бар. 20 шөберем бар. Аллаға мың да бір рақмет! «Хабардың» 25 жылдығында естеріңе алып келіп, сұхбат алғандарыңызға мың да бір рақмет! Өркендерің өссін!

Тілеуқабыл Мыңжасар ағамыздың сюжеті эфирге шыға салысымен Әлімғазы Райымбековті іздеушілер қатары қайта көбейді. Журналистер мен киногерлерден түсетін қоңыраулар да жиілей бастайды. Содан бергі уақытта ақсақал 17 фильмге түсіп үлгірді. Өзі туып өскен Көксу ауданы мен Алматы облысының құрметті азаматы атанды.

«Мұның бәрі кезінде маған іздеу салған Тілеуқабылдай тілші мен «Хабар» Агенттігінің арқасы. Мен оны еш уақытта есімнен шығармаймын. 25 жылдық мерейтойларыңыз құтты болсын!» деді ақсақал.

Авторлар: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы