420,29 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Өзбекстанда қазақтың ұлттық тағамдары мен сусындары туристерге ұсынылуда

  • 136
  • UPD: 09:07, 24.11.2020

80 ұлттың өкілі бір шаңырақ астында түтін түтеткен өңірде қазақтар көп шоғырланған аудандар бар.

Соның бірі – Кенимех. Іргедегі көршілер мұндағы қандас бауырларымыздың өнерін, ұлттық тағамдары мен сусындарын туристерге ұсынып отыр.

Жасын Біркенов, тілші:

- Кенимех – 20 ғасырдың басында қазақтар мен қарақалпақтардың көп шоғырланған жері еді. Ал 1930 жылдары бұл аймақ Бұқара облысының құрамына кіреді. Осылайша осы өңір үш халықтың мәдениеті тоғысқан жерге айналды.

Қазақ, өзбек һәм қарақалпақ тату-тәтті өмір сүрген Кенимех 1982 жылы Науаи облысының құрамына енді. Қаймағы бұзылмаған ауылдың адамдары кімді болса да, құшақ жайып қарсы алуға дайын. Бұл жолы да қандас бауырлар қанда бар қонақжайлығын көрсетті.

Қайрат Имьянов, Кенимех ауданы мәдениет бөлімінің бас маманы:

- Біздің Кенимех ауданында 36 мың халық бар. Соның 46 пайызы – қазақтар. 14 ұлт өкілі тұрады. Барлығы тату-тәтті өмір сүріп келуде. Салт-дәстүрлерді сақтап қалған осы – Науаи облысындағы қазақ ұлт өкілдері. Өздерінің тілін, дінін, салт-дәстүрлерін сақтап келуде.

Қандастарымыз дәріптеген салт-дәстүрді өзбек билігі енді туристерге паш етіп отыр. Көрші ағайын «Кенимех» экосаябағын қазақтың ғана емес, өзбек пен қарақалпақтың да мәдениетінен, әдет-ғұрпынан сыр шертетін демалыс орнына айналдырған.

Толкин Аликулов, Науаи облысы әкімінің кеңесшісі:

- «Кенимех» экосаябағында ұлттық киіз үйлер тігілген. Мұнда қазақ, өзбек және қарақалпақ халықтарының ұлттық тағамдары әзірленеді. Сонымен бірге түйе сүтінен де дәм татуға болады. Қазақтар мұны «шұбат» деп атайды.

Жергілікті билік туристерге Ойсылқара тұқымымен жақын танысуға, балық аулап, құлақ құрышын қандырар әсем әндер тыңдап демалуға мүмкіндік жасап қойған.

Тұрсынай Рүстемова, Кенимех ауылының тұрғыны:

- Ата-бабамыздың кіндік қаны тамған жер. Осы Тамды, Зарафшан, Үшқұдық, Кенимех ауданында көбіне қазақтар ежелден жасап келе жатырмыз. Қыз ұзату, беташар, тұсаукесер, бесік той. Ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрлеріміз әлі күнге дейін бізбен келе жатыр.

Туризм - жырақта ою мен өрнегімізді, салт-дәстүрімізді сақтап, қазақ өнерінің мерейін асыруға жасалған жақсы мүмкіндік дейді қиырдағы қазақтар. 

Авторлары: Ж.Біркенов және Қ.Оспан

Хабар 24 телеарнасы