Өзбекстанда қазақ-өзбек ынтымақтастығын кеңейтуге атсалысқан азаматтар марапатталды
Қазақстан Тәуелсіздігі күніне орай Өзбекстанда қазақ-өзбек ынтымақтастығын кеңейтіп, мықтай түсуіне жан салып жүрген жергілікті азаматтар марапатталды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ұлы дала елінің ұлық мерекесі қарсаңында құрметке бөлінгендердің ішінде қоғам қайраткерлері, журналистер, ақын-жазушылар мен осы елдегі қазақ мәдени орталықтарының жетекшілері бар. Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі оларға ұлы ғұлама хәкім Абайдың 175-жылдығына арналған медальдар мен алғыс хаттар табыстады. Сондай-ақ Дархан Сатыбалды жиналған қауымға Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктері туралы баяндап, екі бауырлас халықтың бүгінгі қарым-қатынасы нығайып келе жатқанын айтты. Әсіресе соңғы 4 жылда қос ел арасындағы ынтымақ тереңдей түскенін айтып кету керек. Тараптар сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, туризм секілді салаларда әріптестікті күшейтіп отыр.
Абдували Сайбназаров, «Өзбекстан 24» ТРК редакторы:
– Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас 2016 жылдан бастап қарқынды дамып келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен біздің мемлекеттің басшысы Шавкат Мирзиёев арасындағы достықтың арқасында бауырлас халықтар тонның ішкі бауындай жарасып, әр салада да тіл табысып келеді. Қазір екі ел өзара сауда-саттық көлемін 10 млрд долларға дейін жеткізуді көздеп отыр.