389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


СҚО-да демеушілердің ақшасына салынған 7 мұзайдын жұмыс істемей тұр

  • 594
  • UPD: 22:09, 05.04.2017

Солтүстік Қазақстан облысында демеушілердің ақшасына салынған мұзайдындары жұмыс істемей тұр.

Өйткені өткен жылдың соңында біреуі құлап, жіті тексеріс басталған болатын. Оның қорытындысы бойынша құрылыс кезіндегі кемшіліктер өз алдына, 4 хоккей кордының заңсыз салынғаны анықталды.

Өткен жылғы желтоқсанның 20-сы. Тапатал түсте мұзайдын құлады. Құдай сақтап, ішінде ешкім болмаған. Содан бері аула тым-тырыс. Құрылысшылар кортты бұзып, тұрғындар конькилерін іліп қойды.

Елизавета Конопелькина, қала тұрғыны:

- Бұл айдын қызық-қуанышымызға айналған еді. Көрші үйлердің балалары да осында келіп, коньки тебетін. Енді футбол ойнайды. Жабық хоккей корды керек. Қайта салып берсе дейміз.

Облыс бойынша қалталы азаматтардың қаржысына осындай 7 спорт нысаны салынды. Әрқайсысының құрылысына 15 млн теңгеден жұмсалды. Біреуі құлап, олардың барлығы жабылды.

Оқыс оқиғадан кейін «Қарасай» хоккей корды да жабылып, балалар қыс бойы коньки тепкен жоқ. Қазір көк мұздың үстінде қар үйіліп жатыр. Енді құрылысшылар спорт нысанын қайта жөндеп, ашуы тиіс.

Бұл жағдайға байланысты арнайы комиссия құрылып, тексеріс жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша құрылыс кезінде кеткен кем-кетіктер анықталды. Сорақысы сол, спорт нысандары рұқсатсыз салынған.

Азамат Омаров, облыстық сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау бөлім басшысы:

- 4 спорттың нысанның рұқсатсыз салынғаны белгілі болды. Ол – Саумалкөл, Нижний Бурлук, Жаңажол ауылдары мен Петропавл қаласындағы хоккей корттары. Енді олар құжаттарын реттеуі тиіс. Қалғандарын құрылысшылар қайта жөндейді.

Рұқсатсыз тұрғызылған мұзайдындарының қалай пайдалануға берілгені белгісіз. Іс сотқа жетіп, құрылыс ұйымдарына айыппұл салынды. Қайта жөндеу жұмыстары да мардымсыз. Тек оны балалар түсінбейді. Олар күте-күте, көктем де келді.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов, Руслан Әлиев, Дмитрий Рура

Хабар 24 телеарнасы