384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістанда түркі әлемінің ортақ ақпараттық кеңістігін қалыптастыру мәселесі талқыланды

  • 781
  • UPD: 22:18, 12.05.2017

Түркі елдеріне ортақ телеарна құру және ақпарат алмасу.

Дәл осы мәселе «Түркі әлемі және ақпараттық кеңістік» атты халықаралық журналистер форумында талқыланды. Оңтүстік Қазақстан облысында өткен шараға Түркия, Әзірбайжан, Түрікменстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстанның ақпарат құралдары өкілдері қатысты. Шараның мақсаты түркі әлемінің ортақ ақпараттық кеңістігін қалыптастырып, мемлекеттердің өзара ынтымақтастығын нығайту.

Бұл жолы Түркістанға түбі бір түркі бауырлардың келуі тегін емес. Барлығының мақсат-мүдделері бір. Ол түркітілдес елдерге ортақ ақпараттық кеңістік құру. Осы арқылы жер шарындағы түркі қауымдастықтарымен тізе біріктіре отырып, ортақ тарих, мәдениет, білім, өнер һәм рухани құндылықтарды бірге насихаттау.

Аида Эйвазова, форумға қатысушы:

 - Бірлік атқаратын ісіміз, тіліміз бен рухымызға байланысты. Біз осыны негізге ала отырып ортақ ақпараттық жүйе құруымыз қажет. Бүгін форум барысында әріптестерімізбен осы бағытта пікір алмастық.

Орхан Селен, форумға қатысушы:

 - Бұл шара мұнымен тоқтамауы қажет. Рухани интеграциядағы ақпарат құралдарының маңызына көп көңіл бөлінсе, нұр үстіне нұр болары анық. Түркі бауырлас елдер ішінде Қазақстанның орны біз үшін ерекше. Ата жұрт десем де болады.

Ақпараттық саясат бір болмайынша, түркі интеграциясы толық болмайды. Ал Елбасы 2014 жылы Бодрум саммитінде түркі дүниесінің ортақ телеарнасын құру жайын ұсынған еді. Бүгінгі халықаралық журналистер басқосуында бұл мәселе жан-жақты талданып, келелі ойлар айтылды. Ортақ арнаны құру жолдары мен бағыттары талқыланды.

Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрайымының орынбасары:

 - Түркі әлеміндегі ақпараттық интеграция дамитын болса, онда міндетті түрде бірнеше тіл білетін түркі тарихын, мәдениетін құндылықтарын білетін журналистерді дайындау мәселесі күн тәртібінен шығуы керек. Мәселен, біздің «Хабар» Агенттігі» биылдан бастап «ТРТ» атты Түркияның телеарнасында көптеген қызметкерлерді режиссер, продюсер, журналист болсын, техникалық блоктың өкілдерін де арнайы оқытуға жіберіп, біліктілікті арттырып жатырмыз.

Бұл күні түркі әлемін жұртшылыққа танытқан журналистер марапаттан тыс қалмады. Халықаралық түркі академиясы тағайындаған Исмаил Гаспыралы атындағы сыйлықтар табысталды. Форумға келген баспа және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері алдағы уақытта өзара тығыз қарым-қатыныста жұмыс жасауға уағдаласты.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов  

Хабар 24 телеарнасы