384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Н.Назарбаевпен бірге қызмет еткен замандастары Қарағандыда бас қосты

  • 625
  • UPD: 20:53, 06.07.2017

Елбасы еңбек жолының бастауы болған Қарағанды өңірі елорда күнін ерекше атап өтті.

Аймақ басшысы кезінде Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге қызмет еткен замандастарының басын қосып, политехникалық университет қабырғасында кездесу ұйымдастырды. Келелі кездесудің бұл оқу ордасында өтіп жатқаны кездейсоқ емес. Себебі мұнда Елбасы да білім алған.

Алдымен ардагер кеншілер оқу ордасындағы заманауи иннновациялық жобалар көрмесін аралады. Арнайы экскурсиядан кейін облыс әкімі Ерлан Қошановтың жетекшілігімен дөңгелек үстел өтті. Тұңғыш Президентпен бір оқу орнынан түлеген, бір еңбек жерін бөліскен замандастарының айтар естеліктері де ерекше еді. Сүбелі ой, қызыққа толы ескі күндердің естелігі айтылған кездесу соңында құрметті қонақтарға алғыс хат пен халықаралық ЭКСПО көрмесін тамашалауға билеттер табысталды.

Қуаныш Омашев, ардагер металлург:

– Ешкім мұндай жетістікке қол жеткізе алмаған. Ол – бірінші адам, бірінші Елбасы біздің Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Ол кісінің парасаттылығы, ол кісінің сондай көрегенділігі, теңдесі жоқ саясаткер ретінде тағы да бір қырынан көрінді.

Кездесу орталық саябақта өткен «Арман қала – Астана» мерекелік шарасымен жалғасты. Мұнда қала тұрғындары бас шаһарымыздың туған күнін көтеріңкі көңіл-күймен атап өтті.

Ерлан Қошанов, Қарағанды облысының әкімі:

– Осы жылдары Астанамен бірге барлығы жаңарды, жаңа ұрпақ өмірге келді, ұлт келбеті өзгерді. Өзгеріссіз қалған бір ғана нәрсе бар – ол біздің бірлігіміз, ол біздің ынтымағымыз. Соның арқасында еліміз бен елордамыз қарыштап күннен күнге дамуда.

Мереке көркін әрі қарай аймақ жастары ұйымдастырған «Киіз үй лайф» шарасы қыздырды. Киіз үйде екі күн бойына балаларға ана тілімізде мультфильмдер көрсетіліп, түрлі ұлттық ойындарымызды ойнауларына мүмкіндік бар. Ал қала орталығында Бақыт Шадаеваның ән кеші өтті.

Авторлары: Айнұр Абдиева, Сайлау Игликов, Әсет Асайынов

Хабар 24 телеарнасы