384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Вирусты гепатит В-ға қарсы вакцинаны жеткізу қыркүйекте басталады

  • 1115
  • UPD: 21:02, 08.08.2017
Вирусты гепатит В-ға қарсы вакцинаны жеткізу қыркүйекте басталады alabmed.com

Вирусты гепатит В-ға қарсы вакцинаны сатып алу рәсімдері тамызда аяқталады.

Содан кейін вакцина елдің медициналық ұйымдарына жеткізіледі.

«СҚ-Фармация» басқарушы директоры – басқарма мүшесі Әсемгүл Ержанованың айтуынша, вирусты гепатит В-ға қарсы вакцинаны (ВГВ, рекомбинантты) сатып алуға тендерлік рәсімдер бірнеше рет жарияланды. Алайда өнім берушілерден төмен бағалардың кесірінен тендерге қатысу өтінімдері келіп түспеді. «Вакциналар сатып алудың маңыздылығын ескере отырып, Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 11 мамырдағы бұйрығымен вакцинаға шекті баға дозасына 148,22 теңгеден 420,0 теңгеге дейін ұлғайтылды», – деп түсіндірді Әсемгүл Ержанова.

«СҚ-Фармация» басқарушы директордың айтуынша, қазіргі кезде бірыңғай дистрибьютор осы вакцина бойынша сатып алу рәсімдерін аяқтайды. «Бірыңғай дистрибьютордың қоймаларына вакциналарды жеткізу қыркүйекте басталады. Содан кейін препарат бірден қажеттілігі бар медұйымдарға жөнелтіледі», – деп толықтырды Әсемгүл Ержанова.

Вирусты гепатит В-ға қарсы вакцинаны сатып алуда туындаған мәселелер бұрын да Денсаулық сақтау министрлігінде қаралған. Вакцинаны сатып алу аяқталмайынша, мәселені шешу үшін Денсаулық сақтау басқармаларымен вакциналардың қоры бар аймақтардан қазірдің өзінде қажеттілігі пайда болған өңірлерге препаратты қайта бөлу мүмкіндігі ұсынылды. Вакциналарды қайта бөлу төрт аймақта жүзеге асырылды.

Айта кетейік, жыл сайын бірыңғай дистрибьютор шамамен 20 шақты вакцина сатып алады. Олардың тізімі шекті бағасын көрсете отырып, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен сатып алуды жүзеге асыру үшін бірыңғай дистрибьюторға жолданады.

Хабар 24 телеарнасы