378,46 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Тергеушілер» телехикаясының түсірілімі аяқталды

  • 631
  • UPD: 21:11, 10.08.2017

Отандық кино тарихындағы алғашқы детектив телехикаяның түсірілімі аяқталды.

«Хабар» телеарнасының тапсырысымен қолға алынған «Тергеушілер» көп сериялы фильмі өмірі қатерге толы тәртіп сақшыларының күнделікті жұмысын баяндайды.

«Кейбір сахналар біз ойлағаннан да жақсы шықты», – дейді фильм режиссерлары. «Adam Media Plus» командасының шытырман оқиға желісімен түсірілген жобаға халықаралық мамандар тартылған.

Антон Митнев, телехикаяның екінші режиссері:

– Бұл туынды Германияда 10 жылдан бері танымалдығын жоймаған неміс франчизасының негізінде түсірілуде. Шағын, нақты, жылдам шытырман оқиғалармен өрілген сериалдың сюжеттері өткір, кейіпкерлері шынайы. Сондықтан көрерменнің көңілінен шығады деп ойлаймын.

Телехикаяда басты кейіпкер – тергеуші Кәмшат Мырзабекқызының рөлін актриса Гүлшарат Жұбаева ойнайды. Таэквандодан қара белбеу иегері атанған актриса «Спорттағы жетістігімнің пайдасы тиді», – дейді. Актерлардың өнерін әріптестері жоғары бағалады.

Перизат Мырзахмет, телехикаяның шеф-редакторы:

– Біз әрбір актермен дұрыс жұмыс істеуге тырыстық. Бізде жақсы буын өсіп келе жатыр. Үлкен буын сияқты ұзақ театралдық үзілістер ұстап тұрмайтын, кәдімгі эмоцияға кіре алатын, кадрде жас шығар деген сәтте ешқандай ойланып толғанбай-ақ, жасты шығара салатынын актерлардың өсіп келе жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан меніңше қазақ сериалының болашағы алда.

Тәртіп сақшыларының өмірін көрсететін 16 бөлімді «Тергеушілер» телехикаясын көрермендер қараша айында «Хабар» телеарнасынан көретін болады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Ерлан Әбжанов

Хабар 24 телеарнасы