389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміз бойынша газдың 40%-ы БҚО-да өндіріледі

  • 487
  • UPD: 21:41, 15.09.2017

Сонымен қоса өңірде тау-кен өнеркәсібі бойынша тартылған инвестиция көлемі 100 млрд теңгеден асқан.

Бұл салада аймақтың 6 мыңдай тұрғыны еңбек етеді. Ал тауарларды сатып алу мен қызмет көрсетудегі жер қойнауын пайдаланушы компаниялар арасында қазақстандық үлес көлемі жыл санап артып келеді.

Өңірдің тау-кен өнеркәсібі саласында 11 кәсіпорын жұмыс істейді. Көш басында «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б.в.» және «Жайықмұнай» компаниялары тұр. Өндірілетін шикізат көлемінің 90%-ы осы «Қарашығанақ» консорциумының еншісіне кіреді. «Қазіргі таңда кәсіпорында 4 мыңдай адам еңбек етеді. Өнім көлемін арттыру мақсатында кенішті кеңейту жобасы жүзеге асып жатыр. «Сондықтан жұмысшыларды қысқарту жоспарымызда жоқ. Керісінше, тартылатын инвестициялар есебінен жаңа жұмыс орындарын ашатын боламыз», – дейді кәсіпорын өкілдері.   

Бейбіт Сабыров, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясы қазақстандық бизнесті дамыту бойынша басқарушысы:

- 2016 жылы «Қарашығанақ» жобасында жергілікті дамытудың үлесі 51%-ды құрады. Бірінші жартыжылдықта 51,8%-ға жетіп отырмыз. Өндірілген өнім көлемі 2016 жылы 10,4 млн тоннаны құрады, ол Қазақстанның барлық өнімінің 16% үлесін құрайды. Қазақстан 17 млрд кубтан жоғары газ өнімін тапты.

Игорь Стексов, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:

- 2016 жылдың қорытындысы бойынша 1,5 трлн теңгенің өнімі өндірілді. Есептік мерзімде тау-кен өндірісі өнеркәсібінің көлемі 1 трлн теңгеден асып отыр. Орынбордағы газ өңдеу зауытына 736 млн текше метр шикі газ экспортталды. Инвестиция тарту бойынша жыл соңына қарай былтырғымен салыстырғанда 200 млн АҚШ доллары көлемінде артық орындаймыз деп жоспарлап отырмыз.

Мұнай өңдеу саласының өңдеуші сектордағы үлесі айтарлықтай. Жыл басынан бері мұнай өңдеу көлемі өткен жылмен салыстырғанда бірнеше есеге өскен. «Бұған өңірде экологиялық класты бензин өндірісінің жолға қойылуы оң әсер етіп отыр», – дейді мамандар.  

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы