384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе облысының аграрлы секторы экспорттық әлеуетін арттыруға кірісті

  • 431
  • UPD: 13:15, 07.11.2017

Биылғы жиналған астықтың бір бөлігін Түркия, Иран, Тәжікстан секілді елге жөнелтпек.

Сондай-ақ ет өнімдерін тасымалдауға қатысты да бірнеше мемлекетпен келіссөздер жүріп жатыр. Егін науқанын аяқтап, мал азығын жинап, бау-бақша өнімін қоймаға тасып алған шаруалар ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің төл мерекесін тойлады. Жәрмеңке ұйымдастырып, жаздай жинаған өнімдерін саудаға шығарды.

Өңір шаруалары өткен жылдан бері ұжымдасып, ірі кооперативтерге біріге бастады. Бүгінде 171 кооператив құрылып, мемлекет ұсынған механизммен бірлесе жұмыс жасап жатыр. Көбі мал шаруашылығы, оның ішінде ет өңдеумен айналысады. 13 кооператив сүт өндіруді қолға алса, оларға жеңілдетілген жолмен сүт таситын арнайы көлік берілді. Болашақта бау-бақша шаруашылығымен және омарташылықпен айналысатын қожалықтардың кооперативін дамыту жоспарда бар.

Асылхан Әптиев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары:

– Кооператив мал сауатын кезде немесе басқа техника алған кезде 50 пайызға дейін субсидия төленеді. Және кооператив малды бордақылаған кезде бұл жерде жем-шөпке субсидия төленеді. Мысалы, бау-бақша бойынша Садовое деген кооператив бар. Таңқурай өсіріп, оны өңдеп, тосап шығарады.

Өңірде бау-бақша шаруашылығын дамыту үшін суармалы алқаптарды ұлғайту шаралары қолға алынды. Бұған дейін 28 мың гектар суармалы жердің жартысы кәдеге жарамай жатқан еді. Биыл мұндай алқаптарды игеру 18 пайызға артып, 22 мың гектарға жетті. Жалпы аймақта ауыл шаруашылығы мақсатындағы 7,8 млн гектар жерге түгендеу жүргізіліп, 400 мың гектарға жуық жер айналымға енгізілді. Егістік алқаптарының көлемі 13 пайызға артып, өңірге 1 млрд 200 мың теңге субсидия бөлінді. Есесіне диқандар биылғы науқанды ойдағыдай аяқтап, алтын дән 6 элеваторға құйылды.

Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі:

Орта есеппен 7-10 пайыз төңірегінде ет, сүт шығарудан да өсім бар. Енді өңдеу де былтырғымен салыстырғанда жоғары. Сүт, ет комбинаттары толығымен жұмыс жасауы керек. Оған біз тиісті ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуіміз қажет.

Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің мерекесінде тынбай тер төккен үздіктер марапатталды. Мәртөк ауданындағы ең ірі сүт-тауарлы ферманың малшысы Берік Бексұлтанов бүгін үздіктер қатарында. 30-дан енді асқан жігіт жұмыстың қиындығынан қашпайды, «малшымын» деп арланбайды. Адал еңбектің арқасында нәпақасын тауып отыр.

Берік Бексұлтанов, малшы:

– Жұмыстың қиыншылығы болады. Оған үйреніп те кеттік. Қазіргі жастардың көбісі мұны қиынсынады. Бұрынғыдай далада жүрмейміз, бәрі базаның ішінде. Бәрі басқаша, өзінің рациондары бар.

Өңірде ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес салалары дамып келеді. Биыл 129 жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде бөдене, қоян, қаз-үйрек шаруашылығын қолға алғандар бар.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев 

Хабар 24 телеарнасы