386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандық тауар өндірушілер Татарстанда отандық өнімдерді таныстыру рәсімін өткізуде

  • 544
  • UPD: 11:37, 16.11.2017

Шараға еліміздің 30-дан астам компаниясы қатысуда.

Тамақ өнеркәсібінің өкілдері өз өнімдерін жергілікті ірі сауда желісінде көпшілікке паш етті. Ал өнеркәсіптік өндіріс мамандары Қазан қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басшылығымен кездесті. Ресейліктерді Қазақстан тарапы ұсынған «ақылды үй» және «Смарт сити» жобасы қызықтырды. Басқосуда мұнай-газ секторында қауіпсіздікті қамтамасыз ету, электрлі техника мен медицина құралдары бойынша тың жобалар талқыланды. Келіссөз қорытындысы таяу арада Қазанда өтетін Қазақстан-Ресей бизнес-форумынан кейін белгілі болады. Айта кетейік, биыл еліміздің сауда миссиясының шаралары Омбы, Түмен, Новосібір қалаларында да өтті. Осы кездесулер нәтижесінде 10 миллион доллардан асатын келісімшарттарға қол қойылды. Жалпы «ҚазИнвест» компаниясы ұлттық тауарлардың экспорты едәуір артып келе жатқанын айтады. Әсіресе машина жасау, химия және тамақ өндірісі саласында ілгерілеу бар.

Искандер Гиниятуллин, Қазан қаласы атқарушы комитеті басшысының орынбасары:

– Кездесуде көптеген бағыттар бойынша тартымды ұсыныстар жасалды. Енді келіссөзді мамандарды тарта отырып, жалғастырмақ ойдамыз. Мәселен, мені тұрғын үй коммуналдық қызметінің өкілі ретінде құбырлар, ілмекті темірлер, процестерді автоматтандыру жағы қатты қызықтырды.

Сәбит Нарбаев, «КazakhІnvest» ҰК-ның Ресейдегі бас өкілі:

– «Бизнес» деңгейінде жасалып отырған мұндай шаралар өзара өте тиімді әрі жоғары жетістіктерге жол ашады. Алдын ала қорытынды бойынша 2016 жылмен салыстырғанда биыл Ресейге бағытталған қазақстандық экспорттың көлемі 34 пайызға артқан.

Хабар 24 телеарнасы