383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШЫҰ-ға мүше елдердің студенттері зияткерлік байқауда өзара бақ сынасты

  • 491
  • UPD: 17:59, 17.11.2017

«XXI ғасыр көшбасшысы» деп аталатын білгірлер сайысы биыл екінші рет өткізіліп отыр.

Байқау өткен жылы ұйымға төрағалық еткен Қазақстанның бастамасымен ұйымдастырылған болатын.

Зияткерлік байқауға ШЫҰ-ға мүше әрбір елден 4 студенттен қатысты. Жастарға қойылған сұрақтар негізінен халықаралық ұйымның құрылуы, аймақтық интеграцияның маңызы, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық жайында болды.

Шараның мәдени бөлігі ұйымға мүше елдердің ұлттық нақыштарына қанық, қызықты өтті. Мәселен, Пәкістан елінің жастары үйлену тойының ұлттық рәсімін сахналаса, қазақ студенттері домбыраның қоңыр дауысын күмбірлетті.

Аамир-Хан Мохаммад, Пәкістанның Қытайдағы Елшісінің кеңесшісі:

– Біз ұйымның жаңа мүшесі ретінде шараға қатыстық. Дегенмен бұған дейін де біз ШЫҰ мемлекеттерімен тарихи, мәдени байланыстар арқылы жақындастық. Осындай ұйым туралы мол мәлімет беретін зияткерлік ойындар жалғаса береді деп ойлаймын. Пәкістан атынан шамамен 23 студент келіп қатысты.

Анель Жарылқасынова – Қытайда білім алып жүрген қазақ студенті. Бейжіңдегі халықаралық экономика және бизнес университетінің төртінші курсында оқиды. Ол бұл сайысқа екі ай тыңғылықты дайындалыпты. Сол уақыттың аралығында Анель сияқты жастарға Шанхай ынтымақтастық ұйымы өз білімін толықтыратын және жаңа мүмкіндіктер ашатын алаңға айналды.

Анель Жарылқасынова, «XXI ғасыр көшбасшысы» сайысының жеңімпазы:

– Менің тыңғылықты дайындығым өз нәтижесін берді. Жеңімпаз атанғаныма өте қуаныштымын.

«XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік байқауының жеңімпаздарын ШЫҰ Бас хатшысы марапаттады. Дәстүрге айналған биылғы сайыс ШЫҰ Хартиясының 15 және өзара сенім, достық пен татулық жөніндегі келісімнің 10 жылдығына арналды. Ал байқаудың басты көздегені жастарға ұйымның мақсаты мен міндеттерін дәріптеу. Сонымен қатар болашақтағы қызметін осы ұйымға арнағысы келетін мамандарға мүмкіндік ашу.

Хабар 24 телеарнасы