386,34 428,03 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанның киберқауіпсіздігі қаншалықты қорғалған

  • 752
  • UPD: 20:11, 05.01.2018

Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін елімізде ІТ мамандар тапшы.

Қазір жер жаһанда «кибершайқас» деген ұғым үдеп барады. Сондықтан арам ойлы хакер біткеннің құрбаны болмас үшін ерте қамданған жөн. «Егер үкімет киберлік шабуылдан өзін қорғайтын әлеуетке ие болмаса, бірталай шығынға батады», дейді мамандар. Ал ақпараттық майданға біз қаншалықты төтеп бере аламыз?

Құнды құжат, ауруханалық карта, жүздеген анықтаманың қажеті болмайтын уақыт келеді. Яғни мұның барлығы келешекте электронды түрде сақталады. Бірақ бұл қаншалықты қауіпсіз? Жымысқы хакерлер базадағы құжаттарыңызды бір мезетте өшіріп тастамасына кім кепіл? Бұл ретте «Қазақстанның киберқауіпсіздігі қаншалықты қорғалған?» деген сұрақ туындайды.

2013 жыл. «Stuxnet» аталатын вирус Иранның компьютерлік жүйесіндегі ядролық бағдарламасын бұзды. Мақсат мемлекеттің ядролық жұмысын тоқтату болды. 

2017 жыл. «WannaCry» вирусы 150 елде 300 мыңға жуық компьютерді істен шығарды. Нәтижесінде 4 күн ішінде әлгі мемлекеттер миллиондаған шығынға батты.  

Petya.A вирусы 60 елге зиянын тигізді. Әсіресе Украинаның банктік есепшоттары зақымданып, елдің энергетика, транспорт саласы тұралап қалды.

Мұндай хакерлік шабуыл Қазақстанда әзірге орын алмады. Бірақ қатер жоқ емес. Кибершабуылды зерттеу мен сараптау орталығының президенті Олжас Сатиев осылай дейді. Компютерлік жүйені бес саусағындай білетін оның командасы түрлі вирусты анықтап, оны тиісті министрлік пен банктерге хабарлап отырады.

Олжас Сатиев, Кибершабуылды зерттеу мен сараптау орталығының президенті:

- Былтыр біз gov.kz-ті 10 минутқа өшіріп көруге тырыстық. Мұның нәтижесінде барлық сайт, электронды үкімет, кеден, министрліктердің анықтама базасы қызметін тоқтататын еді. Ал енді 10 минут емес, бір аптаға өшірсе не болмақ? Елестетіп көрдіңіз бе?

Татьяна Новикова, Кибершабуылды зерттеу мен сараптау орталығының сарапшысы: 

- Қазақстандық сегменттегі көп сайттар SSL сертификатын иеленбеген. Яғни сайт пен қолданушының байланысы қауіпсіз боларына кепілдік берілмейді. Компьютеріңіздің ресурсын өзге біреулер пайдалана береді. Еліміздегі сайттардың 8%-ы ғана аталған сертификатты алған. Бұл дегеніңіз – әлем бойынша өте төмен көрсеткіш.

Олжастың командасы компьютерге вирус енуі мүмкін әлсіз тұсты анықтаса, Арнұр Тоқтаровтың компаниясы алғашқы отандық антивирусты әзірлеген. «Телаб» деп аталады. Әлгі жүйенің ерекшелігі, қауіпті ерте анықтайды.

Арнұр Тохтабаев, антивирустық жүйені әзірлеуші, PhD докторы:

- «Телаб» көріне қоймайтын вирустарды табады. Бұл компьютерді сканер жасамайды. Зиянын тигізбей тұрғанда вирусты анықтап, хабар береді.

Малайзияда өткен халықаралық көрмеде Арнұрдың ойлап тапқан антивирусын мамандар жоғары бағалаған. «Телабты» осы күні еліміздегі министрлік, мемлекеттік орган мен күштік құрылымдар пайдаланады. Ал еліміздегі Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің басшылары: «бұл мақсатқа алдағы үш жылда 28 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінгелі отыр», – дейді. Ал бұл қаражаттың бір бөлігі кадр даярлауға бағытталады. Бүгінгі таңда мемлекеттік органдарда 1 жарым мың, ал елімізде 30 мыңдай ІТ маман жетіспейді. Сондықтан ақпараттық қауіпсіздігіміз кепілдендірілген деуге негіз жоқ. 

Авторлары: Қорған Төреқожа, Ербол Дайыров, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы